Қырағылықты күшейте түскен

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

«Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚ-ның Тараз қаласындағы филиалы карантин режіміне қарамастан, медициналық-гигиеналық сақтық шараларын барынша арттырып, толық құрамда жұмыс істеп жатыр. Керісінше төтенше жағдайға орай қырағылықты күшейте түскен.

Темір жолдың бойындағы қауіпсіздікті, көлік объектілерінің сақталуын, сонымен қатар бөгде адамдардың теміржол инфрақұрылымындағы тыйым салынған жерлерде жүрмеуін, жылжымалы жүк құрамында ұрлық-қарлық орын алмауын қадағалау сынды жұмыстар бұрынғыдан да қырағы жүргізіліп жатыр. Филиал директоры Бауыржан Төлепбергеновтың айтуынша, темір жол көлігі тасымалындағы жүктің ұрлануын болдырмау және темір жол объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жедел-алдын алу жұмыстары Шу, Луговой, Тараз станцияларындағы көліктегі желілік ішкі істер бөлімдерімен тығыз байланыста жүргізіледі.

– Биылғы үш айда біздің Тараз филиалы күзетшілерінің сауатты және жедел-алдын алу жұмыстарының нәтижесінде темір жол көлігінің жылжымалы құрамы мен инфрақұрылым объектілерінен жүк ұрлау әрекеттерінің 20 жағдайы анықталып, 29 құқық бұзушы ұсталды. Олар заттай дәлелдемелерімен желілік полиция бөлімшесіне тапсырылды, – дейді Бауыржан Әментайұлы.

Мәселен, олар былтырғы қазан айында Малдыбай – Ақыртөбе асуында №2909 жүк құрамының №94180080 вагонынан мотор майын ұрлағандардың үстінен түскен. 1990 және 1992 жылы туған азаматтар Қылмыстық Кодекстің 188-бабының 2-бөлімінде қарастырылған шаралар негізінде жауапкершілікке тартылып, сотталған.

– Желтоқсан айының орта шенінде Тараз станциясындағы транзит паркінде Шу қаласынан Түркістан қаласына жетіп алу үшін №2903 жүк құрамындағы №63601918 жартылай вагонына заңсыз мінген азаматтарды ұстадық. Өздері Түркістан облысының тумалары. 1966 жылы және 1992 жылы туған бұл азаматтардан тексеру барысында аса ірі көлемде есірткі табылды. Олар Қылмыстық Кодекстің 296-бабының 4-бөлімі бойынша қамауға алынды, – дейді филиал басшысы.

Биылғы қаңтар айында Әскерилендірілген күзет қызметі мен Луговой желілік полиция бөлімшесі бірігіп жүргізген жедел-алдын алу жұмыстары да нәтижесіз емес. Айталық, Қорағаты - Тәтті асуында темір жолдың бекіткіштерін ұрлап бара жатқан Тараз қаласының тұрғыны қолға түскен. 1994 жылы туған азамат бұл қылмысы үшін қазіргі таңда жазасын тартып отыр. Бауыржан Әментайұлы қазіргі төтенше жағдай кезінде күзет қызметкерлері үшін жұмысты қашықтықтан атқару мүмкін емес дейді. Тек 6 қызметкер ғана онлайн жұмыс істеуге көшірілген.

– Күзетшілердің қауіпсіздігіне баса мән беріп отырмыз. Жақында ғана 900 дана қорғаныш маскасын алдырдық. Бұған дейін де 1500 бетперде таратылып берілген болатын. Медициналық қолғап 548 жұп жеткізілген болса, мұның алдында 3000 жұп берілген. Осындай шаралардың дер кезінде қолға алынғандығынан болар, ұжымда дертке шалдыққан немесе карантинге алынған ешкім жоқ, – дейді ол.

Сонымен қатар, Әскерилендірілген күзет қызметі филиалына қарасты қосындарда түгел санитарлықдезинфекциялық режим күшейтіліп, қорғаныш құралдарымен уақытылы қамтамасыз етілуде екен. 30 литр алкогольді залалсыздандырғыш пен 100 дана сабын тиісті орындарға таратылған. Луговой станциясындағы бөлімше қосымша 4 дана тетрациклинмен, «Albucid» көз тамшыларымен, қорғаныш костюмімен және кір сабындармен толықтырылыпты. Филиал директоры ұжым қызметкерлеріне жұқпалы дерттің таралу жолдары, залалы, қорғану әрекеттері жайында арнайы дәрістер де ұйымдастырылып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, «Әскерилендірілген темір жол күзетінің қызметкерлері атынан Жамбыл жұртшылығынан темір жолдан өту кезінде қырағы болуды, келе жатқан құрам алдынан жүгіріп өтпеуді сұраймын. Жұмыс істеп тұрған темір жол магистралының төңірегінде үлкендер сақ болып, балалардың ойнауына жол бермесек екен. Талап бойынша құрғақ ауа райында кем дегенде 8 метр, жауын-шашынды және тұманды күндері 28 метр қашықтықты сақтау қажет. Автокөліктер темір жол өткелдерінен өту кезінде ережелерді қатаң сақтағанда ғана қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қайғылы жағдайдың алдын аламыз», – деп қорытты филиал жетекшісі.