Цифрлы технология мүмкіндігі мол

Технология дамыған сайын мүмкіндіктер де арта түсуде. Мысалы, бүгінгі таңда әлемді жайлаған коронавирус пандемиясына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланып, бірқатар шектеулер енгізілген кезде техникалық мүмкіндіктердің өзектілігі арта түсуде.

Ол шектеулер теміржолды да айналып өткен жоқ. Індеттің таралуын төмендету үшін «ҚТЖ»ҰК» АҚ Басқарма басшысы С. Мыңбаевтың №30-Ц бұйрығына сәйкес теміржолда қауіпсіздіктің барлық шаралары қолға алынған.

Соның ішінде тікелей өндіріске қатысы жоқ қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеу режіміне көшіру, теміржолшыларды жұмыс орнына тасымалдау және қажетті қорғаныш құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету тағысын тағы ісшаралар рет- жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда ҚТЖ бойынша теміржолшылар үшін өтетін техникалық сабақтарды онлайн режімде өткізу қолға алынып отыр. Сала қызметкерлері үшін кез-келген топтық шараларға тыйым салынады, яғни техникалық сабақтан бөлек, емтихан тапсыру, қандай да бір жиын өткізу мәселелері карантин кезінде тек онлайн режімде өтетін болды.

Бүгінде барлық жол бөлімшелерінде жаңа тәртіп енгізіліп, теміржолшылар онлайн сабаққа көшті. Ол үшін әрбір қызметкерде ғаламторға қосылған компьютер, ноутбук немесе планшет, тіпті смарт-телефон болса болғаны. Бұл жаңалық, теміржолшылар көңілінен шығып отыр. Біріншіден уақытқа үнем, екіншіден өз бетінше дайындалу мүмкіндігі мол, сонымен қатар цифрлы технологияға көшу кезеңінде бұл барша сала қызметкерлері үшін кезекті тәжірибе болары анық.