Қалыс қалған ешкім жоқ

Асел Танатарова

Асел Танатарова

Жамбыл жол дистанциясы ұжымы елімізді жайлаған коронавирус індетімен күресті істерімен дәлелдеуде. Дистанция қыз-келіншектері қазіргі таңда тапшылыққа айналған көпреттік бетперде тігуге кірісті.

Олар бірнеше күнде 500 дана маска тігіп, мұқтаж жандарға таратып берді. Тағы да тігіп жатыр. Сонымен қатар, жолшылар өз қаражаттары есебінен Тараз қаласындағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, теміржол саласында көп жылдар бойы еңбек еткен ардагерлерге азық-түлік пакеттерін таратып берді. Аталған қайырымдылық ісімен 15 шаңырақ қамтылған. Бұл шарадан дистанцияның бастауыш кәсіподақ ұйымы да қалыс қалған жоқ. «Ел басына күн туған осындай сәтте қалыс қалған ешкім жоқ, теміржолшылар да сол қатардан табылып отыр. Біз де қайырымдық шараларына атсалысып, осы өзіміз отырған ғимаратқа залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп, қызметкерлерімізге медициналық қорғаныш бұйымдарын таратып бердік», – дейді мекемедегі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Сәуле Төтебайқызы. 

Жолшылар бұл бағыттағы іс-шараларын алдағы уақытта да жалғастара береді.