Шоқпардың берекесі - шебінтас

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Жамбыл темір жолының ШуОтар телімінде орналасқан Шоқпар станциясы күрежолдың бойында жатқандықтан ары-бері қатынап жатқан жүк пойызы да, жолаушылар пойызы да көп. Тек бүгінгі жағдайға байланысты теміржол бойындағы қозғалыс күрт азайған.

Жолаушы тасымалы жоқтың қасы. Бірақ ара-тұра жүк тиелген құрамдар өтіп жатыр.

Станциялықтар барынша сақтық шараларын сақтап жұмыс істеуде. Мыңнан асатын тұрғыны бар Шоқпар ауылында теміржолдан нәпақасын айырып жүргендер аз емес. Шоқпар десе, білетіндердің есіне алдымен осы жерден өндірілетін қиыршық тас түсетіні анық, «Қазақстан темір жолы» салып бастаған кез келген теміржол құрылысына қиыршық тас осы Шоқпардан тасымалданады. Станция бастығы Арман Есдәулетовтің айтуынша шебінтастың жөнелтілімі жыл он екі толастамайды екен. Мәселен, дәл қазіргі кезде де жанжаққа екі күнде елу вагон жөнелтеді.

– Шоқпардың берекесі де байлығы да «ШоқпарТасАт» кәсіпорны өндіретін осы шебінтас десем қателеспеймін. Бұл кәсіпорын жүздеген адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал станцияда 162 адам жұмыс істейді. Олардың ішінде тек станциялықтар емес, жолшылар, вагон шаруашылығы, қауіпсіздік және дабыл, байланыс пен электрмен жабдықтау саласының мамандары да бар, – дейді Арман Қырықбайұлы.

Шоқпардан өндірілген тас қазіргі кезде Алтынкөл, Жамбыл бөлімшесі аумағындағы теміржол құрылысына жөнелтіліп жатыр екен.

– Біз әлем елдерін жаулап жатқан коронавирус індетіне байланысты барынша сақтық шараларын қолға алдық. Жұмыс барысында үш адамнан артық топтаспаймыз. Жұмысшылардың барлығына тегін қорғаныш маскаларын, қолғаптарын таратып бергенбіз. Әр бұрышқа антисептик секілді медициналық бұйымдарды да қойып қойдық, – дейді А.Есдәулетов.

Станция басшысы жұқпалы инфекцияның салдарынан жолаушылар пойыздарында шектеу болғанымен, жүк тасымалында кедергі жоқтығын айтады.