Манкентте жұмыс тоқтаған жоқ

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Сайрам ауданы – Шымкент іргесіндегі халық тығыз орналасқан елді мекен. Ал Манкент станциясы аталған ауданның қақ ортасын кесіп өтеді. Жыл басынан бері тарам-тарам теміржолдар арқылы тиеліп-түсіріліп жатқан жүк құрамдары бұл күнде саябырсыған.

Бірақ тоқтаған жоқ. Станциядан қаңтар айында 11 мың тоннаға жуық жүк артылса, ақпан айында 8 мың тонна, наурыз айында 13 мың тонна жүк тиелді. Көріп отырғанымыздай, карантин уақыты басталған наурыз айында Манкент станциясының күнделікті жұмысы жоспарға сай атқарылып, тіпті артық жүк тиелген.

Наурыз айында Манкент бойынша 187 вагон бидай, 8 вагон ұн, 233 вагон бензин, 52 вагон сусын, 31 вагон цемент, 120 вагон газ, 5 вагон кондитерлік өнім, 27 вагон көмір, 3 вагон битум, 111 вагон дизельдік жанаржағармай, 15 вагон автомобиль, 1 вагон селитра, 3 вагон тыңайтқыш, құрғақ қоспалар 3, 5 вагон су, барлығы 1023 вагон жүк тиеліп, жан-жаққа жөнелтілген.

Дегенмен, сәуір айында ұн, бидай, жарма өнімдерінің экспортына үкіметтің тапсырмасына орай шектеу енгізіліп отырғаны белгілі.

– Өзіңіз білесіз, қазір елімізде коронавирус індеті шыққалы тазалық пен сақтық шараларын күшейттік. Біздің Сайрам ауданынан 2 адам осы індетпен тіркелді. Сондықтан, аудан халқы барынша сақ болуымыз қажет. Себебі, адам өмірі мен денсаулығынан қымбат ештеңе жоқ. Бұл індетпен ел болып жабыла күрессек қана жеңеміз. Ұжымдағы 26 қызметкер де күнделікті өзіне жүктелген міндеттерін талапқа сай аса сақтықпен атқаруда. Алайда, қашықтан жұмыс істеуге ешқайсысы жіберілген жоқ. Барлық қызметкерлеріміз өз жұмыс орнында. Қазіргі кезде 4 жұмысшы еңбек демалысында. Коронавирус індетінің шығуына байланысты барлық техникалық оқу-жаттығулар кейінге қалдырылды, - деді станция басшысы Алимхан Исаханов.

Манкент станциясында әр жұма сайын дезинфекция жасалады. Кіреберіске орнатылған антисанитайзер мен басқа да тазалыққа кепіл болатын қолғаптар, антисептиктер алынған. Жұмыста маскалық режим тәртібі қатаң орнатылған. Теміржол үшін қауіпсіздік басты орында. Осыған орай, ұдайы өткізіліп тұратын техникалық сабақтарға станциялықтар бұрығыдай жиналмай, әркім өз бетінше, үйлерінде оқып жатыр екен.