Жабдықтар жеткілікті

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Белгі беру және байланыс саласында электр қуатын пайдаланатын теміржолшылар жұмысы аса қауіпті. Сондықтан олардың өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін керекті құрал-жабдықтар қашан да жүз пайыз толық болуы керек.

ШЧ-16 – Астана байланыс және сигнализация дистанциясының еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі жетекші инженері Нұргүл Жақсыбаеваның айтуынша, оларға қажетті тапсырыс берген құрал жабдықтар түгелдей жеткізіліп отыр. Бұл жағынан дистанция ұжымы ҚТЖ компаниясы басшылығына алғыс білдіреді. Былтыр олар электр кілемшелердің жиырмасына, монтерлік белдіктердің отызына тапсырыс беріп, оларды толықтай алған.

– Қазіргі таңда дистанцияда барлығы 8 жұп монтерлік қадауыл, 58 дана белдік, 54 дана жиналмалы саты, 14 жұп бот, 55 жұп қолғап бар. Бұл электромонтерлердің өндірістік жұмысты қауіпсіз атқаруына қажетті мөлшер. Мұндай жабдықтар арнайы сынақтан өткізіліп, белгілі бір уақыт аралығында жарамдылығы тексеріліп отырады, – дейді жетекші инженер.

Ондай жабдықтардың жарамдылығын тексеретін Жөндеу-техникалық учаскесінде көп жылдан бері еңбек ететін маман Алексей Чумаков аталған орында жабдықтарға қалай сынақ жасалатынын да айтып берді.

– Міне бізде монтерлік қадауыл мен белдікті сынақтан өткізетін стенд бар. Онда белдік тағылатын барабан тұр, барабанның салмақ көрсететін динамометрі де қарастырылған. Белдікті кере отырып динамометрге қараймыз, сонда 5 минут бойына 225 келі болуы керек. Дәл осылайша қадауылдар да сыналады. Тек барабанның орнына бөрене қолданылады, оған қадауыл қадалады, бұл жолы да керу жолымен 5 минут бойына оның салмағы 135 келі болуы қажет, – деп түсіндірді А. Чумаков.

Осындай қорғаныш құралдарымен толықтай қамтамасыз етіліп қана қоймай, олардың жарамдылық мерзімін уақытылы қадағалаудың арқасында дистанция жұмысында айтарлықтай еңбек өнімділігіне қол жеткізілуде.