Вокзалдар бос қалды

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

2020 жылдың 1 сәуірінен бастап Атырау станциясына баратын және одан шығатын барлық пойыздарға билет сату, жолаушыларды отырғызу және түсіруге тыйым салынды. Өйткені қалада карантин жарияланып, кіру-шығу тоқтатылды.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ Атырау телімінің басшысы Ә.Есқалиевтің айтуынша, 31 наурыздан бастап № 692/691 «Ақтөбе-Атырау» пойызының маршруты Доссор станциясына дейін қысқарды. 1 сәуірден бастап №313/314 «Атырау-Маңғыстау» және №47/48 «Атырау-Бурабай курорты» жолаушылар пойызы, 2 сәуірден бастап №41/42 «Атырау-Шу» пойызының қозғалысы тоқтатылды. Атырауға дейін және одан шығатын пойыздарға билет алған жолаушылар жол жүру құжаттарын қайтарып, ақшалай қаражатты толықтай ала алады. Бүгінде шыққан пойыздар кері келіп жатыр.

Телім паркінде 130-дан астам вагон бар. Қазіргі уақытта оларды күтіп-ұстау, тазалу, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жолсеріктердің еңбек демалысына шыққандары, 42500 теңгеге өтініш бергендері және өз қалауымен ақысыз демалысқа шыққандары да бар.

Өткен айдың соңындағы мәлімет бойынша жолаушылар тарапынан 2658 пойыз билеті кері тапсырылған. «Оның құны 19 миллион 254 мың 672 теңгені құрады. Осы сомадан 1 миллион 679 мың 348 теңгенің билеті онлайн-режимде сатып алынған. Қолма қол ақшасыз сатып алынған билет құны жолаушылардың карточкасына аударылуда», – деді Атырау магистральды желі бөлімшесі вокзал шаруашылығы бөлімінің бастығы Айбек Қуанышев.

Вокзал іші бүгінде қаңырап бос қалған...