«BIZBIRGEMIZ»: біз алмайтын қамал жоқ

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Қазақстанның карантинге жабылған аймақтарында "Біз біргеміз" қайырымдылық акциясы басталды. Шараны іске асыруға қоғамда белсенді ерікті жастар тартылған. Олар мұқтаж жандардың отбасын азық-түлік пен санитарлық-гигиеналық заттармен қамтамасыз етуде. Бұл игі шараның бел ортасында, әрине теміржолшы жастар да жүр.

Олар еріктілер пулына кірген. Штабтың негізгі жұмысы, жалғыз басты қарттар мен аналардың, көп балалы, аз қамтылған отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, қажетті заттарын жеткізіп беріп, жалпы халық арасында сақтық шаралары бойынша ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу болып отыр.

Осы орайда Ақтөбе ЖТ бөлімшесіне қарасты Қандыағаш станциясы жастарының қолға алған ісін көрсетуге болады. Олар блок-посттарды аралап, дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріне түскі ас таратуда, теміржолда еңбек ет кен жалғыз басты аналар, қарт кісілер, жұмыс барысында өндірістік жарақат алған азаматтар мен көп балалы отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетуде.

"Қандыағаш станциясының жиырмаға жуық жастары кешегі демалыста блок-постта тұрған полиция қызметкерлері мен дәрігерлерге ыстық тамақ апарып, шай таратты. Қандыағашта үш блок-пост бар.

Жем, Шұбарқұдық және қалаға баратын жолды жапқан блок-посттарды аралап, қауіпке бастарын тігіп жұмыс жасап жатқан полиция мен дәрігерлерге алғысымызды білдіріп, ел басына күн туған шақта олармен бірге болатынымызды жеткіздік. Біз біріксек үлкен күшпіз. Біз алмайтын қамал жоқ, көп ұзамай мына індетті де жоямыз", – деді Ақтөбе ЖТ теміржолшы жастарының жетекшісі Дархан Әнуаров.

Қандығаш станциясының жастары бетперде тігіп, қала тұрғындарына таратуды да жоспарлап отыр екен. Қазір маскалар дайындалу үстінде. Сонымен қатар, карантиндік шаралар біткеннен кейін Қандыағаш қаласының ішінде қоғамдық көлікті бір күн тегін жүргізуді ұйымдастырмақ. Алдағы уақытта қандыағаштықтарға Әйтеке би, Шалқар, Байғанин аудандарының жастары да қосылмақ.

Жастар, сонымен қатар жергілікті әкімдікпен бірлесе отырып мұқтаж отбасыларға азық-түлік пен қажетті заттар жеткізіпті. Төтенше жағдай ережелеріне сәйкес волонтерлар топ болып жиналмайды. Арнайы ватцап месенжерінде топ ашқан, сол бойынша мекен-жайларды бөліп алып, барған кезде дистанция сақтау, ара-қашықтық ережелері секілді қауіпсіздік техникасын қатаң сақтайды. Ал мұқтаж жандардың тізімін жұмыспен қамту басқармасы береді.