Ақтөбеде дезинфекциялық душ қойылды

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбе теміржол вокзалының алдына дезинфекциялық душ қойылды. Бұл төтенше жағдайға байланысты санитарлық талаптарды сақтау үшін қабылданған шара.

Елде тараған індет қаупіне байланысты Ақтөбе теміржол вокзалына да кіруге қатаң шектеу қойылған. Вокзалға тек осыған дейін алған билетін кері тапсырушылар ғана кіре алады.

Олар алдымен кіреберістегі туннель арқылы дезинфекциялық душ қабылдайды. Осылайша, арнайы қоспасы бар су бүрку техникасымен адамның киімі түгелдей дезинфекцияланады. Ол үшін душ астында 10 секунд тұрсаңыз жеткілікті.

Ақтөбе вокзалына соңғы жолаушылар пойызы "Шу–Ақтөбе" және "Атырау–Ақтөбе" бағыттары бойынша 3 сәуір күні келді.

"Соңғы рейстен тек жеті жолаушы түсті. Санитар мамандар оларды вагонның алдынан күтіп алып, жеке бас қауіпсіздігіне тексеру жұмыстарын жүргізіп, бәрін де оқшаулау орталықтарына жіберді. Қазір вокзалда тек бес қызметкер: күзетші, сантехник, электрик, кезекші, және диктор отыр. Вокзалға тек билет тапсыруға келгендерден басқа ешкім кіргізіліп жатқан жоқ",- дейді вокзал басшысы Тойбазар Қуанышев.