Жолаушылар қатынасы тоқтады

Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты 2020 жылдың 31 наурызынан Қазақстан өңірлері арасында жолаушылар қатынасы толық тоқтатылды. Оған дейін сыртқа жолаушы қатынасы, халықаралық пойыздар жүрісі де тоқтағаны белгілі.

 Демек, бүгінгі таңда Қазақстанда барлық ішкі және сыртқы бағытқа, соның ішінде «Жолаушы тасымалы» АҚ ұлттық тасымалдаушыдан бөлек жеке тасымалдаушылар мен өзге де теміржол әкімшіліктері жолаушылар пойыздарының жүрісі толық тоқтатылды. Қазіргі кезде жолаушылар пойыздары орналасу жеріне, шоғырлану пункттеріне қайтарылып жатыр. Олардың соңғысы ағымдағы жылдың 4-ші сәуірінде өз жүрісін аяқтады.

Тоқтатылған пойыздарға сатып алынған билеттер үшін жолаушылар ақшаларын «Жолаушылар тасымалы» АҚ немесе жеке кассалардан, сату сайттарынан және он-лайн арқылы қайтаруға болады. 2020 жылдың 12 наурызынан бастап жолаушыларға 590 мың билеттің ақшасы кері қайтарылған.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ төтенше жағдай кезінде барлық жолаушылар бұрын сатып алған билеттерін өткізіп, қандайда бір айыппұлсыз және толық көлемде алты ай ішінде ақшасын қайтарып ала алатынын хабарлайды.