Еріктілер жылы: локомотившілер көмегі

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Мүмкіндігі болса өзгеге көмек қолын созу – қазақтың қанына сіңген қасиет. Биылғы Еріктілер жылы, әсіресе елдегі қалыптасып отырған төтенше жағдайда адамдар бойындағы қайырымдылықты дамыта түскені анық.

Наурыз мерекесі қарсаңында Қызылорда ЖТ бөлімшесінің филиалы Сексеуіл локомотив пайдалану депосының қызметкерлері «2020 қайырымды игі іс» бастамасына орай Сексеуіл станциясында тұратын 2-топ мүгедектері Рыскүл Сүйеуова мен оның ұлы Артықалы Сүйеуовке және Күләш Түменбаеваға көмек көрсетуді ұйғарыпты. Олар азық-түлік себеті мен қажетті дәрі-дәрмектер сатып алып, жоғарыда аты аталған жандардың отбасына барып табыс етумен қатар үйлерінің маңайын, аула ішін тазартып ретке келтіріп берді.

– Біздің Сексеуіл локомотив пайдалану депосының теміржолшылары штаб басшысы Жанкелді Төрединовтың ұйымдастыруымен елімізде өткізіліп жатқан «2020 қайырымды игі іс» шарасын қолдап, ұжым есебіне тіркелген зейнеткерге тұрақты көмек көрсетуде. Сонымен қатар Наурыз мерекесі қарсаңында осы бастама негізінде станцияның тұрғындарының арасынан мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек жасауды ұйымдастырдық. Теміржолшылардың бәрі өз еріктерімен бұл бастаманы қолдады, мұқтаж жандарға материалдық көмек берумен қатар үй маңын, ауласын ретке келтіріп, оларды қуантумен қатар батасы мен алғысын алдық, – деді қайырымдылық шарасын ұйымдастырушылардың бірі, Сексеуіл локомотив пайдалану депосы бастығының орынбасары Еркебұлан Аяғанов.

Сонымен қатар, олар наурыз мерекесі қарсаңында, депо есебінде тұрған байырғы теміржолшы, көзі тірі ҰОС-ның санаулы ардагерінің бірі Талжан Жанасов қарияны кент әкімі Сәкен Төрешовпен бірге барып құттықтады.