Бейнеттің зейнетін көруге лайық

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Шымкент жүк тасымалы бөлімшесінің ұжымы аймақ теміржолының дамуына бір кісідей үлес қосқан Құрметті теміржолшы, бөлімшенің бас инженері Әбілқасым Айдаровты құрметті еңбек демалысына шығарып салды.

Бөлімше басшысы Ермекбай Ерманов әріптесін құрметті еңбек демалысына шығарып салып тұрып:

«Әбілқасым өз білімі мен білігін жетілдіріп жүруден талмайтын ізденімпаз қасиетімен баршаға үлгі. Жас теміржолшыларға өмірде көргені мен білгенін айтып, жол көрсетіп отырудан жалыққан емес. Белсенді еңбек етіп, әріптестерінің сый-құрметіне ие бола білуі – оның көпшіл де адами қасиетін көрсетеді. Құрметті Әбеке! Сіздің Шымкент теміржолының дамуына қосқан үлесіңіз ұмытылмайды. Сондықтан Сіз енді ұзақ жылғы бейнеттің зейнетін көруге лайықсыз», – деп жылы лебізін білдірді.

Әбілқасым Сарыұлы 1977 жылы Алматы теміржол көлігі инженерлері институтына түсіп, оны вагон жасау және вагон шаруашылығы мамандығы бойынша 1982 жылы бітіріп шығады. Еңбек жолын вагон қараушы болып бастап, аға вагон қараушы, вагон шаруашылығы бойынша нұсқаушы, Қазығұрт станциясының ПТО бастығы, Шымкент вагон пайдалану депосы бастығының орынбасары, Шымкент станциясы вагон жөндеу депосының бас инженері, Шымкент теміржолынының «Қазығұрт бумен жуу» станциясы филиалының директоры, «ҚТЖ» ҰК АҚ вагон шаруашылығы департаменті директорының орынбасары, вагон шаруашылығы оператив-тарату бөлімінің бастығы, вагон шаруашылығы департаментінің техникалық пайдалану басқармасының бастығы, Арыс вагон пайдалану депосының директоры, ал 2017 жылдың наурыз айынан Шымкент ЖТ бөлімшесінің бас инженері болып қызмет атқарды.   

Әуелгі Айдаров сауатты, еңбекқор, іскер теміржолшы екенін өткен жылы Арыс оқиғасы кезінде тағы да дәлелдеген маман. Арыстағы жарылыс кезінде жұмыс орнында болып, бірнеше күн мен түн аймақта пойыздар қозғалысының қауіпсіз жүрісін қамамасыз етуге қосқан үлесі жоғары басшылық тарапынан алғыспен аталып өтті.