500 қорғаныш маскасы Жамбыл теміржол қызметкерлеріне тегін таратылған

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

«ҚТЖ» Жүк тасымалы»АҚ филиалы – Жамбыл бөлімшесінің бастауыш кәсіподақ ұйымы ел басына күн туған, әлем елдерін жайлаған пандемия кезінде теміржолшыларға барынша қолдау көрсетуде.

Өйткені, бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде ел экономикасының күретамыры теміржол тасымалын қамтамасыз ететін теміржолшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Серік Наурызбаевтың айтуынша, осы уақытқа дейін аймақтағы теміржол қызметкерлеріне 500 қорғаныш маскасы тегін таратылған.

– Бүгінде тағы 1000 көпреттік бетпердеге тапсырыс беріп қойдық. Жақын арада жеткізіледі, оларды да теміржолшыларға тегін таратып беретін боламыз. Сонымен қатар, 100 литр антибактериялық сұйық сабындар, антисептиктер алдырдық. Бұл тазалық бұйымдарын бөлімшеге қарасты мекемелердің тиісті орындарына қойып жатырмыз, – деді Серік Кенжебайұлы.

Коронавирус індетіне байланысты елімізге енгізілген төтенше жағдай режимінде қарияларға да қолдау шаралары қажет. Бастауыш кәсіподақ ұйымы Ұлы Отан соғысының ардагері, Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінен зейнет демалысына шыққан ардагерлер отбасына азық-түлік себеттерін тапсырған. «Осындай ахуалда күнделікті тұрмыстық қажеттіліктердің де бағасы өсіп жатқаны жасырын емес. Қарияларымызға көмек болсын деген ниетпен бес ардагеріміздің отбасына әрқайсысы 20 мың теңгенің шамасында тұратын азық-түлік пакеттерін тарту еттік», – деді кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.

Серік Наурызбаев, сонымен бірге жұқпалы инфекциялық дертке байланысты кәсіподақ ұйымының көпшілік, қоғамдық іс-шараларының барлығы кейінге қалдырылғанын жеткізді. «Мұндай жағдайда көпшіліктің басын қосатын жиындардан гөрі, нақты қолдау-көмек шараларын жүзеге асырғанды жөн көрдік»,– деді Серік Кенжебайұлы.