Семейлік 4 адам карантинге жатқызылды

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты Семей ЖТ бөлімшесі бойынша да сақтық шаралары қолға алынды. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің назарында бірінші кезекте теміржол вокзалдары тұр.

Төтенше жағдай жарияланғаннан бері жолаушылар пойыздары тексеріліп, соның ішінде Нұр-Сұлтаннан келген 3942 жолаушы мен Алматыдан келген 5117 жолаушы қатаң бақылауға алыныпты. Солардың ішінде коронавирусқа шалдыққан науқастармен байланыста болған семейлік 4 адам анықталып, арнайы карантинге жатқызылып, оқшауланған.

Сонымен қатар Ресей Федерациясымен арадағы мемлекеттік шекарадағы Ауыл станциясында санитарлық-карантиндік бақылау да күшейтілген. 

Қазіргі күні Семей ЖТ бөлімшесі арқылы өтетін транзиттік «Ташкент-Новосібір», «Алматы-Новосібір» және «Бішкек-Новосібір» бағыттары бойынша жолаушылар қатынасы уақытша тоқтатылған. Сондықтан да, бөлімшеге қарасты 21 теміржол бекеттерінде жолаушылар нөпірі мүлде жоқ деуге болады.

– Қазіргі күні барлық вокзалдар бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау шаралары күшейтілді. Вокзал қызметкерлері толықтай көпреттік пайдалануға жарамды медициналық бетперделермен, арнайы қолғаптармен қамтамасыз етілді. Залалсыздандыру мақсатында антисептикалық құралдар да жеткілікті түрде алынды. Ал, орын алған карантиндік жағдайға байланысты жолаушылар саны мүлде азайғандықтан қауырт жұмыс жоқ. Жағдай толық бақылауда, – дейді Семей вокзалының бастығы Ержан Құрманалыұлы.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған адам тіркелген жоқ.