Қызылордада теміржол нысандарын залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда бойынша барлық теміржол нысандарын залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, теміржолшыларды қорғану құралдарымен қамтамасыз ету қолға алынған.

Төтенше жағдай жарияланғалы бері бөлімше бойынша рейдтер мен тексерулер үздіксіз жүргізілуде. Әсіресе, халық жиі келетін вокзалдағы жағдай қатаң бақыланып темірдей тәртіп енгізілген. Перронға шығатын қақпалар тарс жабылып күзет қойылып, жолаушыларды тек вокзал ғимараты арқылы өткізу жолға қойылған.

Билет кассаларының алдында кезек күткен жолаушылардың арасында арақашықтықты сақтау, адамдар арасындағы арақашықтықтың кемі екі метрден жақын болмауы вокзал қызметкерлері тарапынан қатаң реттелуде. Бөлімше бойынша аймақтағы 8 вокзалдағы қызметкерлер құрамы толығымен қорғаныс құралдарымен қамтылған. Жалпы вокзал шаруашылығы үшін 53,8 кг хлор, 2149 дана дәретхана және шаруашылық сабыны сатып алынып, кіреберістерге 18 антисептик қойылған.

– Қазіргі таңда вокзал шаруашылығы қызметкерлері толығымен қорғаныс құралдарымен қамтылған. Олармен ауысым алдында арнайы пысықтау инструктажы өткізіледі. Вокзал ғимараты (күту залы, анықтама бөлімі, билет кассасы залы) мен жолаушылар көп жиналатын орындар тәулігіне кемінде 4 мезгіл, қажет жағдайда одан да көп мәрте дизенфекциялық сұйықтықпен тазалануда, – деді вокзал шаруашылығы бөлімінің инженері Бейбіт Ділдабаев.

Індеттің таралуының алдын алу шараларына орай жақын күндерде қосымша қорғаныс заттарының келуі күтілуде екен. Мәселен қосымша 147 дана антисептик, 11 дана ұстын, 280 жұп қолғап, 8305 дана бетперде, 6975 дана иіс сабын, 2920 дана шаруашылық сабыны мен 1110 дана белизна ерітіндісі әкелінеді екен.

Сонымен қатар вокзалдар мен перрондарда кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіп иелерімен де жұмыс жасалып, олардың үнемі қорғаныш маскасын киюі, қолдарын жиі сабынмен жуып тазартып тұруы, антисептикті қолдануы талап етілуде.

Оларды СЭС мекемесінің санитарлық-бақылау тобы құрамы тексеруде. Және вокзалдарда Жолаушы тасымалы басшылығының анықтамасына сәйкес қолданылмаған жол жүру билеттерінің қайтарылу тәртібі хабарланып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.