Су тасқынының алдын алу шаралары қарқынды жүріп жатыр

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбе өңірінде биыл қыс қатты болмағанымен Хромтау және Бершүгір секілді таулы аймақтардағы қалың қар әлі толық ери қойған жоқ. Сондықтан су тасқынының алдын алу шаралары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі уақытта су қоймаларының бойында орналасқан 16 бөгетке су жету қашықтығы есептеліп, судың көтерілу мүмкіндіктері болжануда.

Іс-шаралар жоспарына сәйкес тасқын судың өтуі үшін теміржол көпірлеріндегі су өткізгіштерді тазарту жұмыстары ұйымдастырылған. Қауіпті жерлерде телефон байланысы, жарықтандыру және тәулік бойғы кезекшілік орнатылған.

Тасқын су жүрген кезде тиісті тосқауыл болатын материалдар тиелген 37 вагон дайын тұр. Судан қорғану бөгеттерін жасауға пайдаланылатын темірбетон және ағаш шпалдар, цементтер мен құрылыс материалдары қалдықтары толтырылған қапшықтар Орал, Илецк, Никельтау, Ақтөбе, Шұбарқұдық, Қандыағаш, Шалқар, Бершүгір станцияларына жеткізілуі тиіс.

Қазіргі күні төтенше жағдай қызметімен өңірдегі өзендер деңгейі толық бақылауда. Мәселен, Елек өзені арқылы өтетін көпір 1744 км, Кенжалы өзенінің үстінен өтетін көпір 115 км, Жем өзенінен көпір 1977 км, Орьск өзені тұсындағы көпір 1104 км болады. Сонымен қатар, жоспарға сәйкес, 563 көпір, 833 құбырлар тазартылып, арнайы техника көмегімен арықтар ішіндегі қалдықтар шығарылған.

Және де бөлімше шекарасында орналасқан барлық кәсіпорындар мен аудандардағы қауіпті орындардың тізімі қайта қаралып, зерттеу жұмыстары тұрақты жүргізіліп отыр. Су тасқыны кезінде жасалатын қауіптің алдын алуға бағытталған техникалық нұсқаулық ауа райының өзгеруіне байланысты қайта қаралуы мүмкін.

Көлік құралдарының жұмыс жасауы да тексерілді. MPT, AGD, AS, DGKU техникаларымыз дайын. Бүгінде жанар-жағармайдың жедел резерві құрылды. Қазіргі уақытта жол дистанциясы жұмысшыларының көмегімен станциялар аумағындағы тұрғын үй және өндірістік ғимараттар, станция бекеттері, қосалқы станциялар қардан тазартылып, еріген суды шығару жұмыстары ұйымдастырылуда. Қажет болса, ғимараттардың айналасына жерасты бөгеттер мен су қоршауларын тұрғызу ұйымдастырылады,– деп мәлімет берді Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі жол бөлімінің бастығы Бауыржан Хамзин.