Табиғи газды пайдалану ұсынылмақ

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

«ҚТЖ» ҰК» АҚ ISO 50001:2011 халықаралық стандартының талаптарын орындау негізінде энергетикалық тиімділікті үздіксіз жақсартуда. Осы ретте, энергетика саясатының басым бағыттары мен міндеттері пойыздар тартымына кететін энергияресурстарды пайдалану мөлшерін азайтуға негізделген.

Компания мамандары, соңғы төрт жылда отын-энергетикалық ресурстардың нақты үнемі 1,1 млн тонна шартты отын санын немесе 137,8 млрд теңгені құрағанын мәлімдеп отыр. Электртартымымен байланысты жұмыс көлемі 2,4% ұлғайғанда, электрэнергиясының абсолюттік шығыны барлығы 0,03%-ке өскен.

«Өткен жылдың желтоқсанында компанияның энергоаудиті аяқталды. Оның барысында желілік деңгейдегі 192 бөлімше қамтылып, 663,1 млн теңгенің немесе жылдық ОЭР тұтынуда 4,6% энергияны жинақтау әлеуеті анықталды. 20202025 жылдар кезеңіне арналған энергияжинақтау шараларының кешенді жоспары биылғы жылдың сәуір айына дейін бекітілуі тиіс», – деген мәліметпен бөліскен болатын компанияның бас инженері-басқарушы директоры Батыр Котырев бұл мәселеге қатысты.

Десе де, пойыздар тартымына кететін дизельдік отынның үлестік шығынының төмендегеніне қарамастан, соңғы бес жылда бұл отын түрін сатып алуға кеткен шығын артқан. Оның себебін мамандар отын бағасының 70%-ке дейін өскенімен түсіндіріп отыр. Осы ретте, энергия тұтынуды әртараптандыру бойынша неғұрлым дұрыс шешім болып сұйытылған табиғи газға көшу табылуда.

Осыған орай, ел Үкіметінің тапсырмасы аясында Wabtec және «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС өкілдерінің қатысуымен сұйытылған табиғи газды мотор отыны ретінде пайдалану мәселесі бойынша жұмыс тобы құрылып отыр. Бұл жұмыс тобы қазақстандық және ресейлік ғылыми және жобалық ұйымдарды тарта отырып, жобаны жүзеге асыру үшін жобаалды негіздеме жүргізетін болады.

Ал жобаны бағалау Солтүстік Америка мен Ресей теміржолдары жобаларын жүзеге асыру тәжірибесіне сүйене отырып, жүргізілмек. Жүргізілген жұмыс қорытындылары биылғы жылдың екінші тоқсанында Компанияның ғылыми-техникалық кеңесінің отырысында ұсынылады деп күтілуде.