Жақсылық жасап жарыспақ

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбелік теміржолшылар Президент бастамасымен жарияланған биылғы Еріктілер жылында жақсылық жасаудан жарысуды жоспарлап отыр. Қаңтар айында-ақ басталып кеткен игі істер эстафетасы жемісті жалғасын тауып жатыр.

Қандыағаш станциясының қызметкерлері, мысалы, өткен апта анасы жаман ауруға шалдыққан мүгедек балаға қолдау көрсетті. Анасы науқас 10 жасар мүгедек балаға қажетті киім-кешек, азық-түлік, шаруашылық бұйымдарымен қоса қаржылай көмек берілді. Жалғыз ұлына алаңдаған жалғызбасты келіншек Роза Төреханова көмек қолын созған жандарға алғысын айтты.

Жақсылық жасау ауылдағы басқа да қамқорлық пен көмекке мұқтаж жандардың ауласында жалғасты. Кейбірінің үйі мен ауласын тазартты, отынын жарып, қоқысын шығарып берді. Сондайақ теміржолшылар қыс кезінде ауылдағы жалғызбасты аналардың ауласын қардан тазалап беріп тұрды.

– Станциялықтар қолға алған игі істер мұнымен тоқтамайды. Жақын күндері қаладағы «Аяла» балалар үйіне бару жоспарда бар. Онда балаларға қажетті заттар мен тәттілер апарамыз. Әрі қарай қан орталығына барып, донор болуға ниет білдіріп жүрміз. Жылы алақанның лебін жүректерге жеткізе білсек, жанымыздағы көмекке мұқтаж жандарды қолдап, қамқор бола білсек, жақсылық жасаудан жарысу деген сол, – дейді Қандыағаш станциясының еңбек қорғау инженері Айнұр Әбілберікова.

Жас басшы Медет Аяғанов бастаған ұжым алдағы уақытта елді мекенді абаттандыруға да үлес қосу үшін көшеттер отырғызып, қоршаған ортаны қорғау шараларына да атсалыспақ.