Атымды бекер ата-анам Талжібек деп атамаса керек

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Талжібектің нағашы ағасы теміржолшы болатын. Талшыбықтай бұралған нәзіктігіне қарамастан, Талжібек те сол ағасына ұқсап үстіне арнайы форма киюді армандайтын. Бішкекпен арасын Алатау бөліп тұрған Алматыға қырғыздың қызы осындай арманын арқалап келген.

Сол кездегі жастар шаһары, Қазақстанның астанасы – Алматыдағы теміржол техникумына құжат тапсырған. Жеті қыз бір топта оқып, теміржолдың қыр-сырына қанықты. Теориялық тұрғыдан білімдерін шыңдады.

– Қайран, студенттік жылдарым, оның үстінде біздің жас кезімі зде Алматы қаласы қандай еді. Керемет еді ғой. Екінші курста Жамбыл теміржол бөлімшесіне сегіз айлық өндірістік тәжірибеге жіберді. Сол кезде Жастар үйіндегі басқосулардың бірінде болашақ жарымды кездестірдім. Ол да теміржолшы екен. Ә дегеннен әңгімеміз жарасып, ортақ тақырыптарымыз таусылмайтын, – деп еске алады Талжібек Құдайбергенова жастық шағын. 

1986 жылы оқуын бітіріп диплом алған Талжібек сол кезде кен өндірумен аты дүрілдеп тұрған Жаңатас станциясына жолдамамен келеді.

Станция басшысы – Әбдуәлі Данаев. Иә, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен, теміржолға қатысты тың дүниелерге қалам тартып, кітап жазған Данаев ақсақал ғой бүгінгі. Жас маманды жатырқамай қарсы алып, Талжібекті жүк қабылдаушы етіп жұмысқа қабылдайды.

– Ол жылдары Жаңатастың тыныс-тіршілігі қайнап жататын еді. Менімен бірге келген болашақ жарым осындағы депода машинистің көмекшісі болып орналасты. Кейін екеуміз шаңырақ көтеріп, теміржолшылар отбасы атандық. Жалғыз ұлымыз бар. Ол да біздің мамандығымыздан алыс кете алмады. Бүгінде Алматыдағы теміржол компанияларының бірінде қызмет етіп жүр, – дейді Талжібек.

Қазіргі таңда отыз бес жылға жуық теміржолда тер төгіп келе жатқан Талжібек Сәдуақасқызы түрлі еңбек сатыларынан өтті. 2002 жылдан бері станция басшысының орынбасары лауазымын абыроймен атқарып келеді. Мамандығы ерге тән болса да, жаны нәзік ару кабинетінің ішін гүлмен көмкерген. Әсіресе, оған тал секілді қатты діңі бар, тарамдалып өсетін өмір ағашы қатты ұнайды екен.

«Менің атымды бекер ата-анам Талжібек деп атамаса керек. Табиғатым жасыл желекке жақын, көкке шыққанды жақсы көрем. Үйде де, түзде де гүл өсіріп, оны баптап-күту – хоббиім. Шаршағанымды басады», – дейді тараздық теміржолшы Талжібек.