Кассадағы кептеліс

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Атырау вокзалында адамдар қарақұрым. Олардың дені – жолынан қалған жолаушылар. Елдегі төтенше жағдайға байланысты халық абыржып қалған. Бұрын сатып алған билеттерін қайтару үшін жолы болмаған жолаушылар кассада сағаттап кезек күтіп тұр.

Олар тек халықаралық бағыттардың ғана емес, қазақстандық, әсіресе, крарантинге жабылған Нұр-Сұлтан мен Алматыға қатынайтын пойыздардың билеттерін кері тапсыруда.

«Бірақ ол бағыттарға пойыз қатынамайды дегенді білдірмейді. Алматыға жүретін пойыз Шу станциясына дейін, ал Нұр-Сұлтанға баратын пойыз Бурабайға дейін ғана барады» дейді Атырау магистральдық желі бөлімшесі директорының вокзал шаруашылығы бойынша орынбасары Айбек Қуанышев. Жолаушылар тапсырған билет ақшасын қайтарып алу үшін ұзақ күтіп қалуда, себебі дерекқор нашар жұмыс жасауда.

Алайда, егерде кассада қолма қол ақша болмаған жағдайда, адамдарға түбіртек беріледі, сол арқылы жолаушы кез келген уақытта ақшаларын қайтара алады. Ал сақтық шараларына сәйкес, вокзал ішін дезинфекциялау жұмысын «СанЭко» ЖШС 15 наурызда жүргізген. Одан кейінгі зарарсыздандыру жұмыстары вокзалдың өз қызметкерлерінің күшімен орындалуда. «СанЭко» өңірдегі 18 вокзалға бір мәрте дезинфекция жұмысын жүргізді, бірақ біз енді айына кем дегенде үш рет сондай жұмыс жасауды сұрап отырмыз» дейді Айбек Қуанышев.