Шымкентте жедел штаб құрылды

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Шымкент жүк тасымалы бөлімшесінде өткен жиында филиал басшысы Ермекбай Ерманов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялануына байланысты жедел штаб құрылғанын мәлімдеді.

Штаб бастығы болып Шымкент ЖТ бөлімшесінің директоры Е.Ерманов бекітілсе, Шымкент магистральді желі бөлімшесінің директоры Марат Оңалов оның орынбасары, басқа жауапты тұлғалар штаб мүшелері ретінде таныстырылды. Сондай-ақ оларға жеке-жеке тапсырмалар жүктелді. Бұдан бөлек аталған ЖТ бөлімшесіне қарасты кәсіпорындардың және станциялардың басшыларына төтенше жағдайды басқаратын штаб құру керектігі тапсырылды. COVID-19 коронавирусының таралмауы және алдын алу үшін ұсынылған кеңестерді қатаң сақтауға шақырды.

– Өзіңіз көріп тұрғандай ғимараттың кіреберісіне антисептик орнатып, қатерлі коронавирус туралы баннерлер дайындадық. Бұдан бөлек, әрбір теміржолшыға, қызметкерге маска тағуды, тазалық пен қауіпсіздік, жеке гигиеналық шараларды қатаң сақтауды талап етеміз. Бөлімше антисанитарияға қатысты қажетті медициналық құрал-жабдықтарға тапсырыс беріп үлгерді. Бұл жоспарланбаған шығын болғандықтан, олар осы аптада жеткізіледі, – деді кадр бөлімінің бастығы Серік Тілеуімбетов.

Сонымен қатар Шымкент станциясына қарасты вокзалда тұрғындарға арналған жадынамалар таратылып, арнайы плакаттар ілінгені, ескерту және дыбыс зорайтқышпен коронавирустың қауіпті екендігі туралы үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.