Қарияларға қуаныш сыйлады

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семей ЖТ бөлімшесінің теміржолшы еріктілері жуырда қаладағы қарттар үйінде болып қайтты. Олардың арасында байырғы теміржолшылар да бар. Басты мақсат ондағы тұрып жатқан қарияларға рухани-мәдени тұрғыдан серпіліс сыйлау, көңілдерін аулау болды.

Аталмыш шараға бөлімшенің кәсіподақ ұйымы ұйытқы болған еді. Спорт нұсқаушылары мен мекемелердің кәсіподақ жетекшілері, ардагерлер кеңесінің мүшелері жиналып, қарттар үйіне құр қол бармай, мол сыйлық, тарту-таралғымен барды.

Қариялар үшін арнайы дастархан жайылып, ән мен биден қойылым көрсетілді. Теміржолшылар кәсіподағы ұйымының төрағасы Алик Досанов барша қарттар қауымын көктем мерекесімен құттықтап, оларға мықты денсаулық пен көтеріңкі көңіл-күй тілеп, ізгі лебізін білдірді.

– Алғашқыда бұл шараны Масленица мерекесімен байланыстыра өткізгіміз келген. Алайда, оған уақыт өтіп кеткендіктен жалпы көктем мерекелерінің барлығын біріктірдік. Осылайша, іс-шараның мәнмаңыздылығы тіптен арта түсті, – дейді «Локомотив» спорт клубының нұсқаушысы Наталья Мешкова.

Бір күндік шара барысында қарттар үшін танымдық ойындар да өткізді. Тағдырдың жазуымен қарттар үйінде тұрып жатқан қариялар көңіл көтеріп, қосылып частушка айтып, би биледі.