Өнертапқышқа өріс кең

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Жосалы мен Түркістан станциялары арасындағы телемеханикалық және автоматты байланыс құрылғыларына техникалық күтім және жөндеу жұмыстарының орындалуын бақылау және жұмыстан тыс қалған байланыс құрылғыларын жөндеп, техникалық күтім жасап, қайта жұмысқа қосу – Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясы орталық және диспетчерлік бақылау постының аға электромеханигі Нұрлан Жәнібековтің күнделікті жұмысы.

Сонымен қатар ол қарамағындағы диспетчерлік басқарудағы ауысым электромеханиктерінің күнделікті жұмысын үйлестіріп бақылап отырады. Ол – жұмыс жасайтын цехтың жұмыс өнімділігі 101,3 пайызды құрап отыр, демек, жүктелген міндеттемелердің барлығы артығымен орындалуда деген сөз.

– Нұрлан Жәнібеков дистанциядағы жұмысты үйлестіріп отырумен қатар, өте ізденгіш жан, рационализаторлық қозғалыстың қозғаушы күші десек болады. Өзге өңірлердегі әріптестеріне техникалық көмек беруге аттанатын да өзі. Мәселен, 2008 жылы байланыс құрылғыларын нормативтік жоспарға сай жетілдіріп дамыту мақсатында дистанцияның 26-бекетінде МПЦ «Диалог» жаңа құрылғысын қосуға атсалысты. Биыл Защита белгі беру және байланыс дистанциясында дәл осы МПЦ «Диалог» құрылғысын іске қосуға үлес қосып келеді. Сондықтан маманның әрбір өнертапқыштық қадамына біз тек қолдау білдіріп отырмыз, – дейді Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының бастығы Әкімжан Қосанов.

Дистанциядағы байланыс құрылғыларын жөндеуде жаңа материалдар жетісе бермейтіні белгілі. Сондықтан жоқтан бар жасап, ескіні жамап-жасқап пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік жасайтын теміржолшылар қай мекемеде де бар. Және олардың бұл еңбегін ұлттық компания ексерусіз қалдырмай, керісінше өнертапқыштық қозғалысқа кең өріс ашып, ынталандырып отырғаны теміржолшыларды қанаттандырып отырғаны талас тудырмайды.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де жаңа құрылғы жасауға тосыннан келмегенін, оның жұмысын жақсарту мақсатында ізденісі, ескіні жаңалап, жұмыс жасау қажеттілігі туындағанда өзінің жаңашыл идеялары арқасында өнертапқыш атанғанын айтады. Яғни қажеттіліктен туындаған жаңалық тиісті бағасын алып, әріптестерінің игілігіне жарап, ең бастысы – пойыздардың қауіпсіз қозғалысын арттыруға сеп болса, мақсатының орындалғаны.

– Дистанцияда қолданыстағы байланыс құрылғыларының арасында тым ескілері де бар. Осы құрылғыларды жаңарту мақсатында өзімізге жүктелген жұмыстардың сапалы орындалуы үшін, құрылғылардың жұмыстан тыс қалмауы үшін іздендік, бірнеше нұқсада рационализаторлық ұсыныстар жасадық, бәрі өз күшімізбен, осындағы ұжыммен жүзеге асып жатқан шаралар, жалғыз менің еңбегім емес, – деді өнертапқыш маман.

Алматы теміржол көлігі инженерлері институтын 1986 жылы бітірген маман еңбек жолын Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының Жалағаш станциясында СОБ электромеханигі болып бастаған күннен теміржол саласындағы темірдей тәртіпті сезінгенін айтады. Білімін өндіріске жұмсап, саланың бірнеше сатысында аянбай еңбек еткен жас маман сатылай көтеріліп СОБ учаскесінің инженері, КИП ДЦ цехының аға электромеханигі, Қызылорда электромонтаж пойызы техникалық бөлімінің басшысы қызметінде нәтижелі жұмыс атқара жүріп, дистанцияның орталық және диспетчерлік бақылау постының аға электромеханигі болып тағайындалады. Бұл өте жауапты жұмыс еді. Нұрлан Мирамұлы осыған дейін ТүркіменстанБолашақ жаңа телімінің Ақжайығында, Астана дөңесі құрылғыларының орнатылып іске қосылуында, Илецк станциясында ЭО постын өрттен кейін қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан екен.

Бұл маманның шын мәнінде кәсібилік қарым-қабілетінің айғағы. – Нұрлан Жәнібеков былтырғы жылы «Ktzhcdi 1.0 бағдарламасын іске қосу», «ДИМ-1-RWD типті микроэлектронды импульсті датчикті алып тастау», «Бағдаршам лампасын тасымалдауға арналған контейнер», «Теміржол өткелдерінде РТА трансформаторын қосымша қосу», «БС-ДА өлшегішінің 1.1А блогы релесінің уақытша параметрлерін өлшеу» секілді бес өнертапқыштық ұсыныс енгізді, – деді Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі ғылымитехникалық талдау және анализ орталығының басшысы Сарқыт Шакманова.