Малдыбай станциясы - таулы аймақтағы бекет

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Тау баурайында бұйығы ғана тіршілік кешіп отырған Малдыбай станциясында жүз шақты ғана түтін бар. Жалпы, оңтүстік өңірге көктем ерте келгенімен, тау шыңындағы қардың ызғарынан ба, Малдыбайда әлі күнге күн райы салқын, ызғарлы. 

Ертелетіп жеткен бізді станция бастығы Сәбит Қарабаев қарсы алды. Елулерді еңсерген азаматтың бұл салада тәжірибесі жетерлік екен.

– Көріп тұрғандарыңыздай, шағын ғана ұжымбыз. Десе де, жұмыс ауқымы аз емес. Біздің станциямыздан он жұп жолаушылар пойызы өтеді. Ал жүк пойыздарының саны жиырма жұпты шамалайды. Екі станция кезекшісі бар, күні-түні ауысыммен жұмыс істейді. Белгі беру-байланыс, электрмен жабдықтау, жол шаруашылығы саласының мамандары станциялықтармен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып дегендей, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ортақ үлестерін қосуда, – дейді станция бастығы.

Малдыбай станциясы ҚызылордаКөкшетау, Алматы-Орал, АлматыМаңғышлақ, Қызылорда-Астана, Петропавл-Сарыағаш сынды жолаушылар пойыздарына қызмет көрсетеді екен. Сондай-ақ, іргедегі «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-мен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Зауыт ұжымының жұмысы, әсіресе тамызжелтоқсан айларының арасында қыза түседі екен.

– Сол кезде станция арқылы тәулігіне он вагонға дейін бидай, арпа дәндерін артамыз. Бір маусымда жан-жаққа он мың тоннаға дейін астық жөнелтіледі. Көбінесе іргеміздегі Леңгір, Шымкент станцияларына жеткіземіз. Шет мемлекеттерден Өзбекстанның түкпіртүкпіріне арпа, бидай жібереміз. Соңғы жылдары жекелеген кәсіпкерлер де астық өнімдерін теміржолмен тасуды арттырып келеді, – деді Сәбит Қарабаев.

Станция басшысы аймақта жеке кәсіпкерлердің мұнай базасы бар екенін айтады. Міне, солармен келісімге келе отырып, теміржол байланысын орнатса, станцияның жұмыс ауқымы бұрынғыдан да кеңейіп, пайда да арта түсер еді деген пікір білдірді. «Қазір мұнай өнімдері өзге тасымал құралдарымен жүзеге асу үстінде. Сол аймаққа Малдыбай станциясына дейін теміржол тартылса, оларға да тиімді болып, теміржолға да тасымал артып, біздің де жұмысымыз жыл он екі ай жалғасар еді, – деген станция бастығының ұсыныс-пікірінде жан бар екені анық.

Бүгінде көктемгі бақылау шараларына дайындық жүргізіп жатқан станциялықтар су тасқынынан келетін ешқандай қауіп жоқ екенін айтады.