Өткелдер мәселесі өткір тұр

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Өткен жылы еліміздің теміржол өткелдерінде бірнеше жол-көлік оқиғасы тіркеліп, арты қайғылы аяқталғаны жасырын емес. Сондай келеңсіздіктердің алдын алу үшін бүгінде не істелінуде? Жалпы өткелдердің жай-күйі қалай? Маңғыстау жол дистанциясына қарасты өткелдердің қазіргі жағдайына зер салып көрген едік.

Бүгінде Маңғыстау жол дистанциясына қарасты 34 теміржол өткелі бар. Соның төртеуі – бірінші категориялы күзетпелі өткелдер. Қалғандары төртінші категорияға жатады және олар күзетпесіз өткелдер. Бірінші дәрежелі өтпелер Маңғыстау Өзен аралығының 2-шақырымында, Маңғыстау-Шетпе 314-шақырымында және екеуі Өзен станциясында орналасқан.

− Дистанцияның төрт күзетпелі өткелінде бейнебақылау, шлагбаумдар орнатылған. Күзетпесіз өткелдерде де арнайы белгі беру құрылғылары жұмыс істеп тұр. Темір жол өткелін ескертетін белгілер белгіленген қашықтықтарда қоюлы. Енді темір жолмен автомобиль жолы түйісетін кейбір жолдарға көпір салу жайы қарастырылуда. Бұл мәселе бұрын да көтеріліп жүрген, Алматы жол дистанциясына қарасты өтпедегі апат, Шамалғандағы жағдайдан кейін тағы да көтерілді. Былтыр Қазақстандағы күзетпелі теміржол өткелдерінде 18 жол-көлік оқиғасы болды. Оның барлығы да бағдаршамның жанып тұрғанына қарамастан автомобиль тізгіндеушілердің өтіп кетпек болып асығуына байланысты туындаған. Өкінішке орай, мұндай жайт жақында Маңғыстауда да кездесті. Осы айдың тоғызында №6 бекетте «Р» бекеті мен Боржақты станциясы аралығындағы күзетпесіз өткелде тепловоз бен жеңіл көлік «Ниссан тиана» соғысты. Бұл жерде де автокөлік жүргізушісі теміржолдан өту тәртібін бұзған. Бүгінде аталған іспен ішкі істер ор гандары айналысуда. Дегенмен біз де қарап отырғанымыз жоқ. Автомобиль жүргізушілеріне арнайы түсінік жүргізіп, қажет профилактикалық шараларды қолданудамыз, – дейді Ірілендірілген Маңғыстау жол дис-танциясының жетекші инженері Мұхтар Қосанбаев темір тұлпар тізгіндеушілерге темір жолдың көлік жолымен қиылысатын жерлерінен өткенде барлық ережені сақтауды тағы да ескерте отырып.

Жетекші инженердің сөзінше, бүгінде Шетпе станциясы мен №14 бекет аралығы 314 шақырымдағы күзетпелі өткелге көлік жүретін көпір салуға сметалық жобалар жүргізілуде. Онымен жергілікті әкімдіктер айналысуда екен. Сондай-ақ Маңғыстау – «Р» бекеті аралығындағы 2-шақырымдағы өткелге сондай көпір салу жайы қарастырылуда. Жол дистанциясы бұл тұрғыда өз ұсыныстарын аудандық, облыстық әкімдіктерге берген. Қазірде көпір мәселесіне қатысты қажетті шаралар қарастырылып жатқан көрінеді.

Сонымен Маңғыстау жол дистанциясының аумағына салынғалы жатқан теміржол үстімен көлік жүретін екі көпірден бөлек бүгінде халыққа қызмет көрсетіп тұрған автомобильдерге арналған екі көпір бар. Олар Қарақия ауданына барар жолда және Өзен станциясында. Сондай-ақ, жолаушылар жүретін де екі көпір бар. Оның бірі Шетпе станциясында, екіншісі Өзен станциясында. Қалай болғанда да бүгінгі таңда өткелдер мәселесі өткір тұр.