Теміржол вокзалдарда зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілуде

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты барлық қоғамдық орындарда дезинфекциялау, зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде теміржол вокзалдары да сақтық шараларын күшейтті.

Коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық жағдайды бақылауға алу мақсатында Ақтөбе облысында да аймақтық штаб және комиссия құрылды. Қазіргі уақытта Ақтөбе өңірлеріндегі барлық вакзалдар күшейтілген тәртіппен жұмыс жасауға көшті.

«Дүние жүзіне тараған індетке қатысты өз тарапымыздан жан-жақты шараларды қамтамасыз ететін боламыз. Салғырттық танытпау қажет, әрқайсысымызға артылған тиісті міндеттерді дұрыс атқарып, үлкен жауапкершілікпен қарауға міндеттіміз. Жолаушылар үшін барлық мүмкіндікті жасап жатырмыз. Вокзалда дүрлігу жоқ, қалыпты жұмыс істеп жатыр. Дезинфекциялау жұмыстарына халық түсіністікпен қарауда», – деді Ақтөбе теміржол вокзалының басшысы Тойбазар Қуанышев.

Ақтөбе теміржол вокзалдарындағы жолаушылардан әзірге вирус белгілері анықталған жоқ. Анықталған жағдайда теміржолшылар қауіпті дерт жұқтырған жолаушымен қалай жұмыс жасау керектігін біледі. Санитар мамандармен науқаспен жұмыс жасау жолдары түсіндірілген. «Біріншіден, жауапкершілік, ұйымшылдық, ауызбіршілік таныту арқылы бұл сынақтан да сүрінбей өтеміз.

«Сақтықта қорлық жоқ» деген сөз бар. Теміржолшыларға алғашқы медициналық көмекті қалай көрсету жөнінде лекциялар оқылды. Коронавирус жағдайына қатысты күдік анықталған жағдайда шұғыл бригада шақырылады. Салауатты өмір салтын сақтау орталығының маманы Светлана Инисова теміржолшыларға лекция оқып, науқаспен байланыс жасау қағидаларын түсіндірді», – деді Қандыағаш станциясының еңбекті қорғау инженері Айнұр Әбілберікова.

Қытайдың Ухань қаласынан тараған дерт бүгінде жаһан жұртшылығын алаңдатып отыр. Әлем бойынша қауіпті індет саны артып отыр. Елімізде тоғыз отандасымыздан COVID-19 вирус белгілері анықталды.