Жүк тиеу енді қарқын алды

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Шымкент жүк тасымалы бөлімшесінің басты көрсеткіштерінің бірі жүк тиеу жоспарға сай орындалып отыр. Бөлімшеден көбіне мұнай, мұнай өнімдері, цемент, өндірістік шикізат және құрылыс заттары, ұн, азық-түлік тауарлары тиелуде.

Жалпы, жүк тиеу барысы мезгіл мен маусымға қарай құбылып тұратыны жасырын емес. Осы орайда, өткен жылы жүк тиеу қанша пайызға орындалды, жоспар орындалмай қалды ма, болса себеп қандай деген сауалдар туындары сөзсіз. Бөлімшенің логистика және тасымалдауды ұйымдастыру бөлімі берген мәліметтерге сүйенсек, 2019 жылы жүк тиеу жоспар бойынша 10 млн 919 мың тонна болса, ол 10 млн 832 мың тоннаға орындалып, жоспарлы көрсеткіштің 99,2% құраған. Логистика және тасымалды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұрлыхан Қанаевтың айтуынша, жылдың басында, яғни қыс маусымында цементке сұраныс көп болмағанға ұқсайды. Айталық, «Шымкент цемент» және «Стандарт цемент» мекемелерінде жүк тиеу төмендеп кеткен.

– Осының салдарынан зауыттарға артылатын шикізаттың да көлемі азайып кетті. Тағы бір себеп, ұнға деген сұраныс та күрт төмендеп кетті. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде көрші Өзбекстанда жаппай ұн тартатын диірмендер салынып, жұмысы жандана түсті. Сол себепті, соңғы жылдары ұн тиеу жылдан-жылға азайып келеді. Жалпы, ұн тиеу былтырғымен салыстырғанда 165 мың тоннаға азайған. Міне, осындай себептер аймақта жүк тиеу мен жөнелту операциясына өз әсерін тигізіп отыр», – дейді Нұрлыхан Қанаев.

Айта кетейік, «Қазтеміртранс» АҚ меншігіндегі вагондарының үлесі жалпы жүк тиеудің 20 пайызын алып отыр. Өткен жылы 184 094 вагон жүк тиелсе, оның 36 193 вагоны Қазтеміртранс мекемесіне тиесілі екен. Бөлім мамандары осы жылға берілген жоспар 11 млн 900 мың тонна екенін атап өтті. Көктемнің келуімен аймақтағы кәсіпорындар, құрылыс жанданып, жүк тиеу енді қарқын алуда. Алдымыз – жаз. Сондықтан, жоспарды орындауға мүмкіндік молынан болады деген сенімде шымкенттік теміржолшылар. Екі жыл бұрын Шымкент іргесіндегі Игілік станциясынан зәулім Логистикалық орталық іске қосылғаны белгілі. Бұл жерде «А» класты құрғақ және салқындатқышты қоймалар, контейнерлік алаң, «бір терезе» қағидасы бойынша клиенттерге заманауи үлгіде қызмет көрсетуде. Аталған орталықтан өткен жылы 857 вагон тиеліп, 2577 вагон жүк түсіріліп, жалпы 3434 вагонды құраған. Нәтижесінде вагон айналымы 2215-ке дейін артқан.