26 жасында Құрметті теміржолшы атанған

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Дәурен Ерғалиев – Жем станциясының мақтанышы. Небәрі 26 жасында Құрметті теміржолшы атанған оған қызығып қарайтындар көп.

Ақтөбе ЖТ бөлімшесіне қарасты Жем станциясындағы вагондарға техникалық қызмет көрсету бекетінің вагон жөндеп қараушысы Дәурен Ерғалиев бүгінде 45 жаста. Теміржол саласында 25 жыл еңбек өтілі бар. Тәуелсіздік алған тұстан бері болат жолдың бойында маңдай терін төгіп жүр. Еңбек кітапшасына да бір жазба, 20 жасынан теміржолға келген жас жігіт 26 жасында Құрметті теміржолшы атанды.

«Сол кезде екі мыңыншы жылдың мамыр айы болатын. «Ақтөбе-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызы бірінші жолға тоқтады. Вагондарды тексеріп қарап жүрдім. Бір вагонда ұрылған дыбыс екі рет жаңғырықпен шықты. Тағы бір мәрте тексеріп, бір кілтипан барына көз жеткізген соң шеберді, басшыларды шақырып, саралау жұмыстары басталды. Ақауына көз жеткізілгеннен кейін вагонды дереу ағытып алдық. Сынық ішінде болған, өте қауіпті ақау деп танылды», – дейді Дәурен сол оқиғаны есіне алып.

Сол оқиғадан кейін жолаушылар пойызын қауіптен аман қалған ерлігі үшін вагон қараушы жігіт жастығына қарамай «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталады.

Жем станциясының вагон жөндеп қараушысы Дәурен Ерғалиев әріптестерінің арасында да сыйлы, беделді. Еңбегі ер атандырған жігіт – бес бірдей бала тәрбиелеп өсіріп отырған бақытты отбасының басшысы. Мектепті бітірген үш үлкені де алтын белгі иегері, қазір үшеуі де Алматыда жоғары оқу орнының студенттері. Кейінгі екеу – мектеп оқушылары. Жұбайы – бәрінің бабын жасап отырған отбасының ұйытқысы.