Жүрдек пойыз барлық әйел жолаушыға сыйлық таратты

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

«Жолаушылар тасымалы» АҚ «Экспресс» филиалының ұжымы 8 наурыз әйелдердің халықаралық мерекесінде «Тальго» жүрдек пойызындағы барлық әйел жолаушыға сыйлық таратты.

«Нұрлы жол» вокзалынан «Нұр-Сұлтан – Орал» бағытында жолға шыққан жолаушылар пойызының нәзік жанды жолаушылары мұндай «тосынсыйға» әбден риза екендерін қуанышты жүздерімен, сыңғыр күлкілерімен білдірді. Жалпы бұл сый-құрмет сол мереке күні еліміздің барлық жерінде жүрген «Тальго» пойызының заты әйел жолаушыларына түгел көрсетілген. Бет орамал, гигиеналық құралдар мен құттықтау хаттан тұратын шағын жиынтық сыйлыққа жолаушы әйелдердің мереке күнгі көңілкүйлерін көтеріп тастады. – Ақтөбеде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Елордаға бір аптаға арнайы оқу семинарына келген едім. Қонақжай астанамыз бізді осылай керемет құрметпен шығарып салып жатқанына қатты ризамын. Жалпы пойызда жолсеріктерден алғаш сыйлық алуым, теміржол компаниясының сервисі жыл сайын түрленіп жатқанына куә болып жатырмыз, рахмет, – деді ақтөбелік Тамара Албаева. Оның әріптесі жанындағы Наталья Прохорова да жолда жүріп алғаш рет сыйлық алғанына қуанышты екенін жеткізіп, алғыс айтты. Мерекелік құттықтауды ұйымдастырушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Экспресс» филиалы директорының сервистік мәселелер бойынша орынбасары Азамат Ділмановтың айтуынша, аталған жүрдек пойызға Қазақстан бойынша дәл осы 8 наурызға билет алғандардың арасынан әйелдердің саны алдын ала анықталыпты. Соларға есептеліп және сәл артықтау етіп сыйлықтар дайындалған. – Бүгін елордадан Оралға бағыт алған пойыздың барлық құрамына дәл осы күні 70 шақты әйел жолаушы мінетінін білдік. Жолшыбай мінгендерге де сыйлықтар қарастырылған. Басты шарт – олар бүгін біздің жолаушымыз болса болды, – дейді ол.