2030 жылға дейін 500 вагон сатып алу көзделуде

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Жолаушылар тасымалына қатысты компания басшысы, өкінішке орай, сапасыз сервис, ескі вагондар, антисанитария, билет жетіспеушілігі, алыпсатарлық, пойыздардағы сыбайлас жемқорлық сынды арызшағым, наразылықтарды жиі естіп жататынын жасырмады.

– Өткен жылы жолаушылар тасымалының тиімділігін арттыруға арналған нақты шаралар қабылданды. 2020-2029 жылдар аралығында жылжымалы құрам паркін жаңарту және жаңғырту бойынша тұтас шаралар кешені жүргізілетін болады. Осы аралықта қызмет мерзімі біткен 945 ескі вагон қолданыстан шығарылмақ.

Өткен жылы біз жолаушы пойыздарының төрт құрамын ТВЗ технологиясы бойынша Тұлпар-Тальго өндірісінен шыққан қолайлы 91 жаңа вагонмен жаңарттық. 2030 жылға дейін барлығы 500 вагон сатып алу көзделуде, жүз вагон биыл алынбақ.

Сонымен қатар таяу төрт жылда 209 жолаушы вагонына күрделі-қалпына келтіру жөндеу жұмыстары жүргізілмек, 77 вагон биылғы жылы аталған жөндеу жұмысынан өтеді, – деген компания басшысы ескі вагондар мәселесі аяқасты шешіле салатын оңай шаруа емесін, сондықтан олардың жарамдысын күрделі жөндеуден өткізу арқылы пайдалануға тура келетінін жеткізді.

Сондай-ақ, ол сервисті жақсарту, вагондардағы антисанитариямен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. Айталық, вагондардағы санитарлық жағдайларды реттеуге қатысты жаңа стандарттар әзірленіп, тендер жарияланғанын және де биылғы мамыр айынан бастап ішкі клинингтік компаниялар қызметін пайдалануға көшетіндерін жеткізді.

«Вагондардың сыртқы келбетіне, тазалығына қатысты біз жекеменшік кәсіпорындармен келісімге отырып, вагондарды сыртқы тазалығымен айналысатын үш нысан салуға тендер жарияламақпыз. Бұл жоба биыл жүзеге асады», – деп соны ақпаратпен бөлісті компания басшысы.

– Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап «Жолаушылар тасымалы» қоғамын басқаруға Deutsche Ваhn неміс компаниясының мамандарын тарттық. Егер біз «Жолаушылар тасымалы» халықтың көңілінен шыққан, сервис деңгейі жоғары компания болғанын қалайтын болсақ, онда Еуропа құрлығындағы озық неміс компаниясының тәжірибесі артық емес. Шетелдік мамандардың міндеті – негізгі әдістерді, жаңа бизнес стандарттары мен әлемдік қызмет көрсету мәдениетінің стандартын енгізу болып отыр. Олар қазір осы іспен айналысуда, Жолаушы тасымалында енгізіліп жатқан жаңа стандарттар – осы шетелдік мамандардың қатысуымен жасалған жобалар.

Сондай-ақ, «Жолаушылар тасымалы» компаниясын дамыту стратегиясының жобасы жасалды. Ең бастысы, біз осы мамандардың және тұтас Deutsсhe Bahn компаниясының қолдауымен жақсы шарттарда Патентос Тальго компаниясымен жұмысты аяқтауға қатысты мәмілеге келдік. Бүгінде біздің паркте олардың 570 вагоны бар. Олар қолданыста қала бермек. Осы вагондарға сервис көрсету шартында біз жеңілдіктерге, яғни қызмет көрсету бағасын төмендетуге қол жеткіздік. Бұл қаржылық жағынан ҚТЖ үшін өте тиімді болып отыр. Одан 2019-2030 жылдар аралығында күтілетін пайда 96,3 млрд теңге болса, соның ішінде тек 2019 жылы – 309 млн теңге, ал 2020 жылы – 4 млрд теңге, – деді Сауат Мұхаметбайұлы.