Бес баланың анасы: жұмыста басшы болғаныммен, үйде қосшымын

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Бүгінде бесіктегі бөбегін де тербетіп, басшылық қыз-метін де қатар атқарып жүрген аналарымыз аз емес. Ақтөбедегі Жем вокзалының басшысы болып жүріп, бес баланың анасы атанған Гүлжайнат Мұстафина – солардың бірі.

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Алтынды елді мекенінде туып өскен Гүлжайнат Мұстафина 39 жаста. Бес баланың анасы. Отбасы тіршілігімен шектеліп қана қоймай, әлеумет пен экономикада ер азаматтармен қатар жүр. "ҚТЖ" ҰК" АҚ-ның Ақтөбе магистральдық бөлімшесіне қарасты Жем вокзалының басшысы. Қарамағында 26 қызметкер бар.

«2006 жылы вокзал кезекшісі болып, алғаш теміржол саласына жұмысқа қабылдандым. Темірдей тәртіпті талап еткен саладағы үлкен жауапкершілікті бірден сезіндім. Бар ынтаммен берілген қызметті мінсіз атқаруға тырыстым. Жалпы мен жұмысты ауыр немесе жеңіл деп бөлмеймін. Сеніммен тапсырылған кез келген жұмысты мұқият орындауға тырысамын. Үш жылдан кейін вокзал басшысы қызметін атқару ұсынылды. Содан бері осы қызметтемін. Арасында бала күтіміне байланысты қысқа мерзімді демалысқа шығып тұрамын. Жолдасым мұнайшы», – деп күлді әзіл-шыны аралас Гүлжайнат Мұстафина.

Ол жолаушы тасымалымен байланысты мазасыздау жұмысын жақсы көреді. Өзін бейнебір үлкен қонақжай шаңырақтың иесіндей, ал қызметкерлері қамқор ананың балаларындай сезінеді екен. Келіп кетіп жатқан «қонақтардың» риза болып аттанғаны біздің жұмысымыздың нәтижесі дейді. Ал жұмыстан тыс кезде өзге аналар секілді бос уақытын балаларымен бірге өткізгенді ұнатады. Жұмыстан кейін ас үйдегі шаруаны дөңгелетіп, жолдасы мен балаларының бабын табуға тырысады. 9-сыныпты бітірген үлкен ұлы анасының жолын қуып, теміржол колледжіне оқуға түскен. Үйдің кенжесі 1-сыныпта.

Ортадағы үш қыздың екеуі егіздер. Отбасы – ауылдағы «жұптары жарасқан жанұя» атанған шаңырақтың бірі. «Менің жолымда үнемі жақсы жандар кезікті. Ұжымыма дән ризамын, алғысым шексіз. Жасы да, жасамысы да ортақ іске келгенде жанын салатын адал жандар. Мұндай сенімді ұжыммен тау қопаруға болады. Құдай қосқан қосағым да бағыма жолыққан жан. Ол кісі балаларымның әкесі ғана емес, жанашыр досым. Еңбекте табысқа жетуіме мені қолдап, ақылын айтып отырған өмірлік серігімнің ықпалы көп. Өміріме ризамын. Үйде береке болсын десеңіз, еш уақытта "тақ" таластырмау керек. Әйелдің аты – әйел. Қысқасы, жұмыста басшы болғаныммен, үйде қосшымын. Және одан ұтылып жүргенім жоқ", – деп сыр бөлісті Гүлжайнат Мұстафина.

Үйдегі мен түздегі шаруасын қатар үйлестіріп отырған көпбалалы ананың өмір жолы көпке үлгі емей, не?!