300 жұмысшысы бар теміржол мекемелерінде дәрігер болуға тиіс

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

300 жұмысшысы бар теміржол мекемелерінде дәрігер болуға тиіс. Санитар мамандар штаттық құрамды қарап, медбике ғана емес, дәрігерлерді де қызметке алуды міндеттеп отыр.

Ақтөбе бөлімшелік көліктегі тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының өкілдері «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ – Ақтөбе Жүк тасымалы бөлімшесі және «ҚТЖ» ҰК» АҚ – Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі, «Жолаушылар тасымалы» АҚ филиалдарының басшылық құрамымен кездесті. Кездесуде теміржолшылар жағдайы, денсаулығы сөз болып, анықталған кем-кетікті қалыпқа келтіру жайы сөз болды.

«Талапқа сай тізімдік құрамы 50-ден 300-ге дейін жұмысшысы бар объектілерде медициналық пункт, ал 300-ден астам адам бар объектілерде фельдшерлік немесе дәрігерлік денсаулық сақтау пункттері болуға тиіс. Жоспарлы санитариялықэпидемиологиялық тексеріс нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталды. Зиянды өндірістік факторларда қызмет атқаратын жұмысшылардың еңбек жағдайы толығымен сақталмаған, сауықтыру іс-шаралары жолға қойылмаған жайттар кездеседі», – деді басқарма басшысының орынбасары Жадыра Алданова.

Жоспардан тыс санитарлық-эпидемиологиялық тексеріс кезінде Ақтөбе жол дистанциясына қарасты Жайсан, Мартук, Жіңішке, 41 разъезд, Ақкемер, Алға, Бестамақ, Тамды станцияларында орналасқан теміржол өткелдеріне және жылыту пункттеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегендігі анықталған.

Автокөліктен шыққан зиянды химиялық заттарды шығаруға арналған жасанды желдету көздері қарастырылмағандығы да белгілі болған. Сонымен қатар станциялар орталықтандырылған ауыз суымен қамтамасыз етілмегені де, барлық станциялар мен разъездерде тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдауға арналған арнайы стандартты контейнер жоқтығы да кемшілік ретінде аталды.

Осы кем-кетікті тез арада қалыпқа келтіру тапсырылды. Сонымен қатар Ақтөбе материалдықтехникалық жабдықтау базасына қарасты қоймаларда, тепловоз қоюға арналған бокстардың күрделі жөндеуді қажет етіп тұрғанын айтқан санитар мамандар жұмысшыларға еңбек жағдайы жасалуын талап етті. Теміржолшылар аталған кемшіліктерді жақын күндері жоюға уәде берді.