Оператор Шолпан Орманова: "Жылу мен мейірім болмаса бәрі бекер"

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Экономиканың дамуында салада болмасын өндіріс күші мен жұмыс күші алға басу үшін қатаң тәртіп пен бұлжымас ереже қажет. Бірақ, мына қоршаған әлемде жылу мен мейірім болмаса бәрі бекер. Кейіпкеріміз Шолпан Орманова осылай дейді.

Шолпанның теміржол саласында еңбек етіп келе жатқанына 30 жылдан асқан. Станция кезекшісі, парк кезекшісі, т.б. сатылардан өткен ол он жылдан бері Шым кент станциясындағы басқару орталығында (МЭЦ) оператор болып жұмыс істейді. 1988 жылы Алматы теміржол институтының қозғалыс қауіпсіздігін басқару факультетін бітіріп, жолдамамен Шымкент қаласына келгелі салаға өз үлесін қосып келе жатқан ол бүгінде тәжірибелі мамандар қатарында.

«Жол қозғалысын басқару, қауіптің алдын алып отыру, қалаға станцияға келіп-кетіп жатқан әрбір құрамның қауіпсіздігін бақылап отыру – басты міндетіміз. Дөңесте жұмыс өте жауапты да қауіпті, тәртіп қатаң, маневр диспетчерлерінің нұсқауымен жұмыс істейміз», – дейді Шолпан Садыққызы.

Операторлардың жұмыс кестесі 12 сағаттан тұрады. Темір жолдағы әрбір бұрма бағыттамаларды қай жолға қалай бағыттау керек, арнайы таблоның пультімен басқарылады. Қозғалыстың күретамырына 4 әйел кезек-кезек ауысыммен жауап беріп отырады. Шолпан Садыққызының айтуынша, Шымкент станциясы маневр ауданына жатады және қала бойынша 5 аудан бар. Соның ішінде ең бірінші маневр ауданы осы Шымкент станциясында орналасқан. Жалпы, теміржол әйелдің орны ма деген сауалыма Шолпан Садыққызы ойланып жауап берді.

«Біз оқуға түскен жылдары солай болды ма әлде сәйкестік пе, жігіттердің дені әскерге кетті де, теміржолдың оқуына қыздар көбірек түсті. Жалпы, қай жерде де әйел адам көп болса, артықтық етпейді деп ойлаймын. Неге десеңіз, әйел жүрген жерде тәртіп, тазалық, тәрбие болады. Әрбір қыз бала отбасында тәрбиелі болып өссе, ол оның жұмысында да көрініс табады. Мен теміржолда тек қана еркектер жұмыс істесін дегенмен келісе алмаймын. Еркектер де, әйелдер де, оның ішінде қыз бала да саланы түсінсе, алып кете алса, неге істемеске? Мысалы, бізде пультпен басқару үшін бас пен жылдам шешім қабылдайтын ұтқырлық керек. Ал қара жұмыс, әрине, әйелдерге ауыр», – деді Ш.Орманова.

Шолпан ханым қандай іс бастасаң да беріліп істесең шыңына жетесің, ол жұмысты азсынбауың да, көпсінбеуің де керек, сонда ғана жемісін көресің деген ойда. Сондай-ақ жастарды жұмысқа аларда психологиялық тұрғыдан да дайындау қажет деп есептейді. Себебі, жаңадан келген маман сол жұмысты түсінді ме, түсінбеді ме, соны да үйретуі маңызды. Өйткені, теміржол баяу қимылды емес, тезтез қимылдап, шешім қабылдауды қажет ететін сала.

Отбасында жолдасы Нұрлан екеуі екі ұл өсіріп отырған аяулы ана еңбектегі табысы үшін 2017 жылы Шымкент жүк тасымалы бөлімшесі филиалы директоры Ермек Ермановтың қолынан Құрмет грамотасын алды.