Өткел күзеткен ана

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Теміржолдың жол шаруашылығына қарайтын өткел кезекшілерінің арасында әйел адамдардың жиі кездесуі кездейсоқтық емес. Өйткені станцияға келіп-кететін пойыздардың автомобильдермен түйісетін өткелдерінде жұмыс істеу асқан мұқияттылық пен жауапкершілікті талап етеді. Ал әйел жүрген жерде ұқыптылық пен тәртіп бар екенін ешкім де жоққа шығара алмайды.

Ірілендірілген Астана жол дистанциясының өткел кезекшісі Тілеулес Каженованың теміржолдағы жалпы еңбек өтілі – 37 жыл. Соның 20 жылында ол ерлермен қатар жол монтері болып еңбек етіп, ауыр жұмыстарды атқарған. Тек 2005 жылы жол шаруашылығында әйелдерді ауыр жұмыстардан шығару туралы бұйрық шыққаннан кейін ол дистанцияға қарасты өткелдердің біріне кезекші болып ауысты.

– Ол кезде жол шаруашылығында әйелдер аз болмады. Шпал көтердік, рельс аудардық. Ерлер не істеді, соның бәрін жасадық. Әйелміз деп қарап тұрмадық. Қазір оңай, техниканың түр-түрі бар. Ол кезде бәрі қолмен атқарылатын. Ал өткел кезекшісі – өте жауапты жұмыс. Әйелдер өткелде істесе, қашан да тәртіп болады. Тазалық та сақталады, қауіпсіздік ережелері бұзылмайды, – дейді Тілеулес Ахметжанқызы.

Дистанцияның станция бойынша 4 күзетілмелі өткелі бар. Соның бірі осы Тілеулес апай жұмыс істейтін, тек жүк пойыздары өтетін өткел. Бұл өткелде ол жалғыз әйел. Ауысымдық жұмыста ол күндіз де, түнде де кезекшілік ете береді. Кезекшілердің шағын қосынында бір ауысымдағы жұмыс уақытын өткізу үшін керектінің бәрі бар. Олар осы қосында отырып бір ауысымда орташа есеппен 30-40 пойыз үшін шлагбаум түсіреді.

Өткел кезекшісінің жұмыс күні алдыңғы кезекшінің жұмысын қабылдап алудан басталады. Бірінші кезекте өткел айналасының тазалығы мен бөгде заттардан таза болуын, құрал-жабдықтардың дұрыстығын, сигнализацияның жұмысын, жұмыс журналы мен жеделхаттарды жарты сағаттың ішінде егжей-тегжейлі қарап алады.

Сосын барып алдыңғы ауысым кезекшісі үйіне кетеді. Одан әрі күні бойғы немесе түндегі жұмысы ЭЦ-2 постынан пойыздардың келе жатқанынан белгі берілген кезде шлагбаум түсіру, өткел айналасында бөгде адамдар мен заттардың болмауын қадағалау, әрбір құрылғының үздіксіз жұмыс істеп тұруын бақылап отырумен жалғаса береді. Кезекшілер үшін ең қиыны – шлагбаумның түсіп тұрғанына қарамастан автомобиль жүргізушілерінің ереже бұзып, өткелден өтіп кететіндігі еді.

Қазір «Сергек» камерасы орнатылғалы ондай бұзушылықтар азайыпты. Тілеулес Ахметжанқызы 1963 жылы Целиноград қаласында туған, қазіргі Дәулет аялдамасы артындағы жер үйлердің бірінде теміржолшы отбасында дүниеге келіпті. Әкесі Ахметжан теміржолда өмір бойы ревизор болыпты. Теміржол училищесі не түсіп тауар кассирі мамандығын алса да жолшы болып жұмыс істеген. Жолдасы да осы дистанцияның Қырқыншы станциясында жолшы екен.

Бүгінде бір қыз, бір ұлды өсіріп жеткізіп, қыздан жиен немере сүйіп отырған ата-әже. Саналы ғұмырын жол шаруашылығына арнаған теміржолшылар отбасына ұлттық компания 2013 жылы «Саранда» тұрғын үй кешенінен пәтер беріпті.

Теміржолшылар үшін күннің бәрі бірдей. Мереке ме, жаңа жыл ма, оларға еш әсері жоқ. Жұмыстың аты – жұмыс. Міне, Тілеулес Ахметжанқызы да биылғы 8 наурызды жұмыс орнында өткізгелі отыр екен. Кесте солай келсе, оған ешкімнің дауы жоқ дейді.

«Тілегім – зейнет жасына абыроймен аттанғым келеді. Сондықтан, әр ауысымда тыныштық болып, қозғалыс қауіпсіздігінің сақталуын тілеймін» дейді өткел күзеткен ана.