Болашақ - диагностиканы дамытуда

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Жол шаруашылығында диагностика блогын дамыту есебінен жолдағы ауытқушылықтар мен ақаулықтарды анықтау барысында адам факторын төмендету бойынша жұмыстар жалғасуда.

Мәселен, өткен жылы «Цифрлы трансформация» бағдарламасы шеңберінде үш мобильді диагностикалық кешен пайдалануға берілген еді. Магистральдық желі дирекциясының мәліметінше, биыл бірінші тоқсанның соңына дейін тағы үш МДК енгізу жоспарда бар екен.

Бұл кешендердің артықшылығы неде дейтін болсақ, олар рельстердегі ақауларды және жолдардағы ауытқушылықтарды уақытылы анықтауға, темір жолды кешенді диагностикадан өткізуге, соның ішінде жер төсемін, жолдың жоғарғы құрылысы элементтеріне видеофиксация жасауға, сондайақ, рельс табанының геометриялық жағдайына мониторинг жүргізуге арналған. Ел теміржолы мобильді диагностикалық кешендермен толық жабдықталғаннан кейін олар нақты бір телімдерге бекітіліп, айына екі рет инфрақұрылымдарға кешенді диагностика жүргізетін болады.

«Бүгінде біз МДК жұмысының нақты нәтижелері туралы айта ала мыз. Айталық, өткен жылы МДК 94 мыңнан астам шақырым жолды жүріп өтіп, 350-ден астам айрықша ақаулы рельстерді анықтады, яғни рельстердің сынуына әкелетін 350 жерді анықтап, қауіп-қатердің алдын алды. Жаңа жетілдірілген және жаңғыртылған мобильді диагностикалық кешендерді пайдалануға енгізу штатты оңтайландыруды қарастырады. Бұл жоба шеңберінде үш жылда 580 штаттық бірлікті оңтайландыру жоспарланып отыр. Бүгінде дефектоскопиялық арба операторларының біразы оңтайландырылды. Қысқартылған мамандарды Компанияда сақтап қалып, оларды әрмен қарай жұмысқа орналастыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірқатары қайта оқытылып, жұмысқа орналастырылса, енді бірі Ерте зейнетке шығу бағдарламасы шеңберінде зейнетке шығуда», – дейді бұл туралы Магистральдық желі дирекциясының басшысы Бауыржан Орынбасаров.

Нақты деректерге сүйенсек, осы МДК-ны пайдалану есебінен өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,8 млрд теңгеден астам экономикалық тиімділікке қол жеткізілген. Бұл көрсеткіш көлемі биыл және келер жылы 3 млрд теңгеден асып түседі деп күтілуде.

Мобильді диагностикалық кешендерден бөлек магистральдық желіге табысты енгізіліп жатқан жобаның бірі ретінде түйіспесіз жолдардың жағдайын бағалау және бақылау жүйесін айтар едік. Ол бақылау қорытындылары негізінде өңделген нәтижелер базасымен түйіспесіз жолдардың істен шығу жағдайына болжам және мони торинг жүргізуге мүмкіндік бермек.

Яғни, түйіспесіз жолдардың алдын ала істен шығу жағдайын анықтап, рельстік бекітпелер жағдайын, түйіспе саңылауларын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл атқарылған шаралар Магистральдық желі дирекциясы бойынша пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігі жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізіп, жалпы алғанда қозғалыс қауіпсіздігін бұзушылық саны 17%-ке төмендеген.