Жабдықтар жаңарып жатыр

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Бүгінгі таңда ел теміржолының электрмен жабдықтау шаруашылығында байланыс желісінің 20% мен тартымдық қосалқы станцияларының 76%-ның қызмет мерзімі өтіп кеткен, бірақ соған қарамастан пайдаланылып келеді.

Компания басшылығы жаңалауға құлықсыз емес, бар мәселе қаржыға байланысты. Десе де, сең қозғалған сыңайлы. Былтыр бөлінген бюджет шеңберінде тартымдық қосалқы станцияларды кезең-кезеңмен жаңарту жұмысы қолға алынып, әбден тозығы жетіп отырған 8 тартымдық қосалқы станциясындағы электротехникалық жабдықтарды элементтер бойынша жаңалау жүргізіліпті. Бұл өз кезегінде тартымдық электрмен жабдықтау құрылғыларының жұмыс сенімділігін арттырып және жалпы ұзындығы 600 км асатын бес жүктемесі көп телімдерде жылу тартымына көшу қаупін сейілтіп отыр.

Сонымен қатар электрмен жабдықтау шаруашылығында техникалық құралдардың істен шығуының дер кезінде алдын алу үшін диагностикалық және өлшеу жабдығымен жарақтандырылып және де арнайы жылжымалы құрам паркінің төрттен бір бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Шаруашылық мамандары, бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табатынын айтады.