Барлық мүмкіндік қолданыста

Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінің оңтүстігіндегі Шиелі станциясының теміржолшылары өткен жылдың тапсырмаларын талап деңгейінде орындап, өндірістік жұмыс көрсеткіштерінің денін мәреге жеткізді.

Шиелі станциясы бастығының орынбасары Нұрғали Әбжаппаров жылдық жұмыс жоспарының орындалуы 92 мен 211 пайыздық көрсеткіштерімен қорытындыланғанын жеткізді. Өткен жылы 3242 вагонға 215717 тонна жүк тиеп жөнелтсе, 13834 вагоннан жүк түсірген.

Бекетке келген жүк вагонын толтырып жөнелту, келген вагоннан жүкті түсіру, оның құжаттарын рәсімдеу, құрамнан ажыратып қайта жасақтау сынды жүк операцияларын қауіпсіздікті сақтап жүріп атқарған шиеліліктер өндірісте оқыс оқиға, бақытсыз жағдайға жол бермеген. Бекітілген көрсеткіштердің жоғары болуы жұмыстың тиімді ұйымдастырылуы мен бекетке келетін, жөнелтілетін жүктің де сан алуан көлемді болуымен байланысты болатынын ескерген бекет басшылығы теміржол көлігін пайдаланушылармен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың сұранысын қанағаттандыруға тырысады.

Теміржол қызметін пайдаланушылармен кестеге сай кездесу өткізіп отыруды дәстүрге айналдырумен қатар олардың санын арттыру үшін қолайлы жағдай жасау, тиімді тариф ұсыну, т.т шараларды қабылдайды. Бекеттегі жүк операциялары 10 станциялық жол, 13 бағыттамалық және бірнеше кірме жолдарда атқарылады. Станциялық жолдарда пойыз құрастырушылардың бекетте келген жүк вагондарын құрамнан ажыратып, жүкке толтырылған вагондарды қайта құрастырып жөнелту жұмыстары тынымсыз жүргізіледі.

– Жылдық көрсеткіште жетістік те, кемшілік те болды. Межеден асып кеткен де, жетпей қалған да көрсеткіштер бар. Сол олқылықтың биылғы жылы қайталанбауы үшін жұмыс жасаудамыз. Сонымен қатар теміржолшылардың, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауға басты назар аударылып отыр. Сондықтан ауысым алды пысықтау инструктажы, жұмыс арасында тосын тексеру, түнгі бақылау жиі ұйымдастырылып, теміржолшылардың жұмысын қадағалап, олармен техникалық пысықтау сабақтарын кестеге сай өткізіп, аптасына бір күнді арнайы қауіпсіздік күні деп белгілеп, қысқасы, қауіпсіздік шараларының күшейтілуіне барлық мүмкіндікті қолданудамыз, – деді Шиелі станциясы бастығының орынбасары Нұрғали Әбжаппаров.