Волонтерлар жылы: алғыспен ел көгерер...

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

«Жаңбырмен жер көгерер, алғыспен ел көгерер» деген тәмсілді ұстанып, мүмкіндік болса, жаныңда жүрген жандарға көмек қолын созу – қазақтың қанына сіңген игі қасиеті, мұндай әрекетті әрбір жан өз хал-қадірінше жасауға ұмтылады.

Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының еріктілер тобының игі шараны бес бала өсіріп отырған, оның біреуі мүмкіндігі шектеулі, өз әріптестерінің отбасы нан бастауды ұйғарыпты. Бәрекелді дедік. Қараөзек станциясында жұмыс жасайтын көпбалалы электромонтер Сейілбек Таспановтың отбасына еріктілер құр қол барған жоқ, бала-шағаға базарлықтарын көтере барды. Еріктілер тобы тек жастардан құралған десек, қателесеміз.

Дистанцияның кәсіподақ ұйымының төрайымы Мария Шайкемелова мен кадр бөлімінің басшысы Жанар Есенқараева бастаған топта электромеханиктер Ақжібек Сәрсенбаева, Ержан Аңламасов, электромонтерлер Қайыржан Жақсылық, Шолпан Арқабаева тағы басқа ұжым мүшелері бар. Жұмыстан бос уақыттарының бірнеше сағатын әріптестерінің отбасына көмектесуге бәрі де қуанақуана келісіп, азық-түлік себетіне балаларға базарлықты мол салып жолға шықты.

– Еріктілер жылында әріптесімізге көмек берелік деген бастаманы ұжым мүшелері бірауыздан қолдап, қаншама белсенділер табылып, еріктілер қатарын көбейтіп жатқанына қуандық. Кәсіподақ ұйымы қаржылай көмек беріп, балаларды қуанттық, жастар шаруаға қолғабыс жасады, біреуге жақсылық жасап, алғыс алу – сауаптың үлкені, – деді кәсіподақ ұйымының төрайымы Мария Шайкемелова.

Еріктілер тобы әріптестерінің ауласында бірнеше сағат жұмыс істеді, бірі отын бұтап, бірі су тасып, енді бірі қора-қопсыны тазартып, үй айналасы ретке келтірілді. Әріптестерінің тосынсыйына алғашқыда тосылып қалған отағасы отбасы атынан алғысын білдірді.