Шыңдалу мен тәжірибе: ғылыми-техникалық семинар өтті

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда ЖТ бөлімшесінің Автоматты басқару жүйесі (АБЖ) бөлімі мамандарының ұйымдастыруымен «Теміржол саласында бизнес-процестер құрудың заманауи тенденцияларында цифрлық технологияларды қолдану» тақырыбында ғылыми-техникалық семинар өтті.

Семинар мақсаты жас мамандардың біліктілігін арттыру, білімді жастарды іріктеп тәжірибе алмастыру, АБЖ жүйесінде жастардың тың идеяларын енгізу арқылы салалық өндірісте цифрландыру дағдыларын жетілдіру болды. Сонымен қатар автоматты басқару, ақпарат жүйелерінің жұмыс барысында туындайтын басты және актуалды сауалдарды талдау, талқылау, оның ортақ шешімін іздестіру, кәсіби мамандардың қалыптасуына мүмкіндік жасау мақсат етілді. Бөлімше директорының АБЖ жөнінде орынбасары Абсұлтан Тілеуұлының бастама жасап ұйымдастыруымен бөлімшеде алғаш рет өткізіліп отырған семинарға басшылық түгел және Түркістан мен Сексеуіл станциялары арасындағы бекеттерден 50-ге жуық теміржолшы қатысты.

Екі күнге жалғасқан семинар кезінде бөлімше жастары командаларды таныстыру, үй тапсырмасы, «терминология» этабы, блиц-тур, аналитика блогы, хронологиялық тізбек және «квест» форматындағы блок бағдарламалары бойынша сайысқа түсті. Жастар жиынының барысын бөлімшенің жүк бөлімі басшысы Нұрлан Жайсанбаев, АСУ бөлімі басшысы Нұртуған Өтеғұлов, аға инженер Бақыткүл Алмағанбетова, жылжымалы құрам бөлімі жетекшісі Жандос Смағұлов, инструктор Қанат Камилаев, аға тауар кассирі Жанар Ысмағұлова, есепке алу тобы маманы Ұлбике Смағұлова және техконтор инженері Бисенкүл Ибадуллаева бақылап, зерделеп саралау және қазылық жасап, қатысушыларға әділ бағасын берді.

– Компаниядағы адам ресурстарын тиімді басқара отырып цифрлы трансформация шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жобалары, цифрландыру бағдарламасын іске асыру жұмыстары бөлімше бойынша жалғасын табуда. Қаржылық тұрақтылықты қамту, саланы өркендету, кірісті арттыра отырып жалпы компания, бөлімше қызметінің қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға орасан үлесі бар бағдарламаның тетіктерін жете меңгеру мақсатында жұмыс жүргізілуде. Салалық қызметті пайдаланушы клиенттерге сервистік қызмет жасайтын білімді, жастардың біліктілігін жетілдіру, озық тәжірибелерді үйреніп насихаттау жалпы маман кадрлардың потенциалын қалыптастыру мақсатында өткен бүгінгі семинар, шын мәнінде, шыңдалу мен тәжірибе сабағы болды, – деді бөлімше директорының АБЖ жөнінде орынбасары Абсұлтан Ерманов.

Бөлімшенің АСУ ДКР/ККЖ АБЖ жүйесінде тіркелген клиенттері сандық сервистерді интеграциялау шеңберінде өзара іс-қимылға көшкен. Салалық тасымалдаушылар мен клиенттер арасында қызмет көрсету сандық жүйеге алмасқалы бері тасымал құжаттарын реттеу уақыты қысқарып, тауар кассаларында кезек жойылып, «онлайн» режимінде жұмыс жасау мүмкіндігі жасалған. Ағымдағы жылдың тек қаңтар айында бөлімшенің АБЖ жүйесінде 722 пайдаланушы тіркеліп, теміржол көлігінің қызметін пайдаланған екен.

Бөлімшеде сандық технология негізінде клиенттермен электронды дерек алмасу жұмыстарына шолу жасайтын болсақ, АСУ СТ жүйесі 100%, қағазсыз құжат айналымы 98%, локомотив шаруашылығында тепловоздарға қатысты жұмыстар легі 97 пайызға жеткізіліп, ЭДО-электронды құжат айналымы 100% көлемінде сандық технологияға көшірілген екен.