Оның кәсібі - ақау табу

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Жем станциясындағы вагондарға техникалық қызмет көрсету бекетінде әр маманның орны бөлек. Яғни, ондағы әр маманның қырағы әрі жедел ісәрекетінің арқасында қозғалыс қауіпсіздігі толық сақталып, жылжымалы құрам жүрісіне қауіп төндірген ақаулар дер кезінде анықталып, жойылып отыр.

Ақтөбе ЖТ бөлімшесіне қарасты Қандыағаш вагон пайдалану депосының Жем техникалық қызмет көрсету бекетінде 42 теміржолшы еңбек етеді. Оның ішінде 25 адам – вагон құраушы-жөндеуші. Мұнда негізінен вагондарды ағытып-жөндеу жұмыстары жасалады.

Қазір бекетте төрт айлық шара жүріп жатыр. Ол сәуір айында қорытындыланады. Өткен жылы Жем бекетінде 260 вагон ағытылды. Оның ішінде қауіпті ақаулар анықталғаны, сол жерде жөнделіп, сапарын әрі қарай жалғастырғаны да, әртүрлі себептермен жөндеуге жіберілген фактілер кездеседі. Жомарт Мұхамбетов деген вагон жөндеушіміз бар. 2019 жылы бір өзі төрт ақау тапты.

Бәрі де бүйір рамаларынан анықталып, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығы тарапынан «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісі берілді. Әр жолғы қырағылығы үшін 77 мың теңгеден сыйақы алды. Сонымен қатар, сынып тұрған бүйір рамасын тапқан вагон жөндеп-қараушы Дархан Төлеуовті де айтып өтсек болады. Аталмыш вагон «Олжа» жеке компаниясына тиесілі болатын. Жеке компания қырағы вагоншыға ақшалай сыйақы беріп, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығының мақтау қағазымен марапатталды. Егер ол ақау анықталмай құрам әрі қарай жүріп кеткен жағдайда бұл екі жаққа да үлкен шығын әкелетін еді, – дейді Жем техникалық қызмет көрсету бекетінің шебері Аслан Қонжаров.

Бекеттің жұмыс көрсеткіші жоғары. Өткен жылды ақаусыз, абыроймен қорытындылаған ұжымның биылғы аяқалысы да жаман емес.

«Былтыр 19 227 пойызға қызмет көрсеттік, соның 15-і түрлі кемшіліктермен тоқтатылған. Жігіттердің жедел де сауатты іс-әрекетінің арқасында ешқайсысы да жолда қалмай, жөндеуден өткізіліп, жүрісін жалғастырды», – дейді Аслан Қонжаров.

Бекеттегі жұмысшылардың 15 пайызы – жастар. Бекет басшысы Аслан Қонжаровтың өзі еңбек жолын 2002 жылы үшінші дәрежелі слесарь болудан бастаған. 2003 жылы вагон құраушы, 2005 жылы шебер қызметіне ұсынылған. Он жылдан аса осы қызметті абыроймен атқарып келеді. Қырағылығымен Жем бекетінің мақтанышына айналған «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісінің иегері Жомарт Мұхамбетовпен де таныстық. 47 жастағы азамат бес баланың әкесі екен. Теміржол саласында 2004 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бүгінде тәжірибелі вагон жөндеп-қараушы.

«Қазір бүйір рамаларының қоспасы, металл дұрыс болмауынан жиі сынады. Оның үстіне ол нағыз салмақ түсетін жер. Сонымен қатар, жолға да байланысты. Бұрын ағаш шпал болатын. Ағашқа тигенде темір жұмсақ түсетін. Қазір жоғары технология тиімді болса да темір-бетон шпалдың қатты соққы болып тиіп, жарылып жататыны да жасырын емес», – деп ой бөлісті мақтаулы вагоншы Жомарт Мұхамбетов.

Жуырда үздік вагон қараушы тағы бір қауіпті ақауды анықтапты. Қандыағаш вагон пайдалану депосы басшылығының хаттамасымен ҚТЖ-ға жолданған. Нәтижесі расталса, тағы бір сыйақы күтіп тұр деген сөз.