Жас станцияда жаңалық көп

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Шымкент теміржолында ең жас әрі жаңадан құрылған Меңлібай станциясы Түлкібас ауданындағы цементке қосатын қажетті қиыршық тас өндіретін карьердің жұмысына байланысты ашылған. Пайдалануға берілгеніне бірнеше жыл ғана өтсе де станцияда жаңалық көп.

Түлкібас ауданындағы Састөбе мен Көктерек станциясының ортасында табиғаты әсем жерде орналасқан станцияда бүгінде штат бойынша 18 адам еңбек етеді. Оның ішінде, оншақты станция қызметкерлерімен қоса белгі беру-байланыс және электрмен жабдықтау қызметінің мамандары, жолшылар, т.т. бар.

Станция бастығы Рысжан Жаманқараев Шымкент бөлімшесінде Меңлібай сияқты станция жоқ дейді. Себебі, мұнда жүк тасымалын электрондық формаға көшірген АСУ ДКР-дан бөлек, кез келген станцияда жоқ МПЦ-2 жүйесі жұмыс істейді. Яғни бүкіл сигнал, бағыттама, пульт осы заманауи жүйемен басқарылады.

Соңғы модельмен жасалған жаңа технология Шымкент бойынша тек Меңлібайда бар көрінеді. Жас станция еліміздің экономикасына тәп-тәуір табыс түсіріп отыр. Айталық, станциядан «Кас-Бетон» ЖШС күніне 50 вагон қиыршық тас артады. Ал былтыр 2019 жылы күзге дейін күніне 100 вагоннан қиыршық тас артқан екен.

Станция басшысы Рысжан Жаманқараевтың айтуынша, қыс маусымына байланысты азайып отыр, көктем шыға қайта қарқын алады дейді.

– Қыс маусымына қарай станциядан артылатын жүк вагондарының маршруты азайып отыр. Қазір күніне 50 вагон Қызылсайға қиыршық тас артылып жатыр. Былтыр күзге дейін күн сайын 100 вагон тиеліп келген болатын. Станциядан жүк түсірілмейді. Бұл арадан «Кас-Бетон» ЖШС артқан заттарының құжаттамасын жасаймыз. Кіреберіс жолда жекеменшік маневр пойызы бар, бізге сол қызмет көрсетеді Елді мекеннен алыс орналасқандықтан станция ашылғалы бері ешқандай жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ, – дейді Р.Ержігітұлы.

Меңлібай станциясында 5 жол бар, оның бірінші және екіншісі – басты жолдар, 4, 6, 8 – жанама жолдар. 15 бағыттамалық бұрманың барлығы да электрлендірілген, орталыққа қосылған. Теміржолшылар қыстық, жаздық киімдермен, басқа да қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған.