Вокзал қызметі - әкім назарында

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Жамбыл облысының әкімі Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, соның ішінде темір жол вокзалының жұмысымен де танысты. Аймақ басшысы вокзал ғимаратының, кассаның, күту залының, перронның жай-күйін қарап шығып, жолаушылармен де тілдесіп үлгерді.

«Вокзал – қаланың ең бір негізгі бөлігі. Алыс-жақыннан келген адамдар алдымен осында түседі және қала туралы алғашқы әсерлері қалыптасады. Сондықтан вокзал маңының таза болуы, жоғары деңгейде абаттандырылуы, көшелердің жарықтануы, арнайы жабдықталған сауда орындарымен барынша қамтылуы тиіс. Ол жақтан қатынайтын қоғамдық көліктердің жұмысын да жүйелеп отыру маңызды», – дейді облысқа жуырда тағайындалған әкім Бердібек Мәшбекұлы.

Аймақ басшысы әсіресе вокзал сынды қоғамдық орындарда мүмкіндігі шектеулі жандар қолайлылығы үшін жасалатын жағдайға көңіл бөлді. Өйткені, аймақ басшысы көптеген желі қолданушыларының әлеуметтік желідегі парақшасына теміржол саласына қатысты проблемаларды қозғағанын біледі. Мәселен, Берік Тілеулесов деген желі қолоданушысы осы вокзалда мүмкіндігі шектеулі жандар мен егде жастағы кісілердің еркін қозғалуына жағдай жасалмағанын алға тартыпты.

«2018 жылы Елбасы Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс» деген болатын. Содан бері екі жыл уақыт өтсе де, Тараз вокзалында аталмыш мәселе шешімін таппай отыр. Олай дейтінім, вокзал ғимаратында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустан басқа ешнәрсе жоқ. Ғимарат есігіне арнайы белгілер, тактильді жолақтар қойылмаған. Ал перрон қоларбадағы жандарға мүлдем бейімделмеген, олардан бөлек, ата-апаларымыздың да вагонға мінуіне қиындық тудырады» деген ол аталған кемшіліктер оң шешімін тапса деген тілегін қоса жолдайды.

Ал Марат Жанабаев есімді желі қолданушысы «Тараз вокзалы бір-екі жыл бұрын ғана күрделi жөндеуден өткен, десе де, вокзал сыртын қаптаған сары түстi жапсырма ұсқынсыз, арзанқол, қала көркiн бұзып тұр» деп санайды екен, тағы бір желі қолданушысы «Екінші,үшінші жолдарға келіп тоқтайтын пойыздарға барар жол салса, жақсы болар еді» деген ұсынысын білдірген. Осы күні «Локомотив» стадионының жұмысымен де танысқан облыс әкімі өз бағасын берді.