Бірыңғай диспетчерлік орталық ашылады

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ осы жылы Ақтөбе қаласында Батыс өңірінің инфрақұрылымы мен пойыздар қозғалысын басқару орталығы – тәжірибе өткізу полигонын құруды жоспарлап отыр.

Орталық Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Орал және Қызылорда жол бөлімшелерінің диспетчерлік орталықтарын біріктіретін болады.

Орталықтың Ақтөбе қаласында ашылуы да талас тудырмайды. Себебі, ақтөбелік программистер әзірлеген интеллектуалдық еңбектерінің жемісі ҚТЖ ғана емес, көршілес елдер теміржолшыларының да назарын аударғанынан хабардармыз. Бірыңғай диспетчерлік орталықтың ашылатыны туралы биыл жыл басында компанияның өткен жылдағы жұмыстары қорытындыланған жиында «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының корпоративтік мәселелер және HR жөніндегі орынбасары Серік Әбденов айтқан еді.

Оның айтуынша, пилоттық жобаны жүзеге асыру қорытындысы бойынша микропроцессорлық диспетчерлік орталықтандыру және теміржол инфрақұрылымының барлық аумағы бойынша баламалы байланыс құралдарын жаңғыртуды енгізу жоспарланып отыр. Бұл корпоративтік орталықта пойыздар қозғалысын басқарудың бірыңғай орталығын құру жолымен тасымалдау үдерісін басқарудың екі деңгейлі үлгісіне көшу мүмкіндігін береді. Сонымен қатар бірыңғай орталықта негізгі компоненттерді көрсете отырып пойыз жағдайын толық бақылай алуды қамтамасыз етеді.

– Сонымен бірге бірыңғай диспетчерлік орталық ашу арқылы өндірістік қызметті жоспарлау, талдау, бақылау және есебін автоматтандыру мүмкіндігіне ие боламыз, – деді С.Әбденов.

Әсіресе, пойыз туралы жедел ақпарат түсіре отырып автоматты режимде белгілі бір телімде жүріп келе жатқан пойыздың жағдайын үздіксіз бақылау мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде телімдік жылдамдықты арттыруға аралық станцияларда пойыздардың тоқтауынан болатын өндірістік емес залалды азайтуға, пойыздар қозғалысы қауіпсіздігі деңгейін арттыруға, цифрлы темір жол құруға септік етеді.