Ең соңғы жолшы әйел мен болайын...

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Тұрсынай Әуелбекова – Шымкент жол дистанциясында жолшы болып жұмыс істейтін жалғыз әйел. Теміржолдың ең ауыр саласында табаны күректей 42 жыл еңбек етіп, оның ішінде осы дистанцияда 35 жыл жұмыс істеген ол, міне, зейнет жасына да жетіп отыр. 

 Жалпы, Тұрсынай Төлеқызы үшін теміржол, теміржолшы деген бос сөз емес. Нағыз теміржолшы әулеттен шыққан, әкесі 48 жыл ПЧ-да жолшы болған, інісі Арыс дистанциясында 25 жылдан бері жол бригадирі, өзі мен сіңлісі де теміржол саласында нәпақасын тауып келеді. Жуық арада зейнеткерлік демалысқа шыққалы отырған Тұрсынай апаны әңгімеге тартқан болатынбыз.

«Тек ер-азаматтар еңбек ететін жол шаруашылығында осынша жыл қалай төздіңіз? Жұмыс қиын болмады ма?» деген сауалымызға ойланып жауап берді. «Оңай жерде нан бар ма, шырақтарым-ау? Осы теміржол саласында қырық жылдан аса еңбек етіп келемін. Маңдай тер, адал бейнеттің арқасында ешкімнен кем болмай, отбасымызды асырадық, балашағамызды оқыттық, жетілдірдік дегендей. Бірақ жас келе қиындығы байқала бастағаны рас.

Биыл, міне, 60 жастамын. Бастығымыз Еділ Тағаевпен 35 жыл бірге жұмыс істеп келе жатырмыз. Ол кісіге алғысым шексіз, ұжымыма ризамын. Бригадада басшымызбен қосқанда 15 адам бармыз. Барлығы да мені қолдап, көмектесіп, зейнетке шыққанша демеп отырды. Қайсыбір жылы еңбек министрлігінің арнайы қаулысы шықты ғой, әйел адамдарды ауыр жұмыстан босату туралы, сол кезде басшылық жеңіл-желпі жұмысқа ауысуға ұсыныс білдіргенде өзім келіспедім, жұмысым өзіне ұнайды, ақшасы да тәуір, денсаулығым жарап тұрса зейнетке шыққанша жараймын дегем. Бірақ, мынау реформаның кесірінен тағы екі жыл жамап алып, 60 жаста бір-ақ шыққалы отырмыз. Енді қызкеліншектер ауыр жұмыс істемей-ақ қойсын, ер азаматтар бар ғой шүкір. Ең соңғы жолшы әйел мен болайын.

Мен ғой зейнетке іліндім, енді кейінгі сіңлілерім 63 жасқа келгенше қалай еңбек етеді деп уайымдаймын» дейді Тұрсынай апай. Иә, Шымкент жол дистанциясының тарамтарам жолдарында Тұрсынай апаның да ізі, қолтаңбасы қалғаны анық. Кілең ер азаматтың арасында жалғыз әйел жылдар бойы тапжылмай жұмыс істеуінің өзі ерлік емес пе?! Теміржол саласын осындай өз ісіне берілген темірдей төзімді жандар алға сүйрейді деген рас болса керек.

Бүгінде бір ұл, бір қыз өсіріп отырған Тұрсынай апа әрине, әйел адамның жолшы болуы оңай емесін, әсіресе 50 жастан асқан соң денсаулықтың бұрынғыдай емес, сыр бере бастайтынын айтады. Сондықтан, тек теміржолшы емес, барлық әйел баласына, ең болмағанда бұрынғы 58 жастан зейнетке шығуды қалдыру керек деп санайды.

«Сонымен қатар, жолшылардың жалақысын көтерсе деймін. Себебі, күнұзақ, ыстық демей, суық демей далада жүріп жұмыс істейтін, жұмысы ауыр жолшылардың еңбегі қандай құрметке де лайық дер едім. Жалпы, физикалық еңбекпен айналысатын әйел адамдарды 55 жастан, ер адамдарды 60 жастан зейнеткерлікке шығарса да болар еді», – деп өз ойын білдірді. Біз құрметті зейнет демалысына шығып бара жатқан Тұрсынай апаға сонша жылғы бейнеттің зейнетін көріңіз деп тілек білдірдік.