Былтыр Қытаймен жүк айналымы 500 мыңнан астам вагонды құраған

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Алматы жүк тасымалы бөлімшесі өткен жылы эксплуатациялық жұмыстардың негізгі 15 көрсеткішінің жетеуін орындаған.

Бөлімше директоры Нұрым Жаниязовтың айтуынша, былтыр Қытаймен жүк айналымы 318 553 вагон деп жоспарланып, іс жүзінде 504 693 вагонды құраған.

Оның ішінде Қытайға экспортқа шығарылғаны 225 910 вагон, ал импорт 278 783 вагон болды. Қытай темір жолымен бірқатар келіссөздердің барысында қол жеткен келісімдердің арқасында былтыр жылдың екінші жартысында жүк айналымы күрт өскен.

Сонымен қатар Достық станциясында экспортқа кең табанды пойыздардың берілуі де артқан. Алғашқы алты айда орташа тәуліктік есеп 10 пойыз болса, екінші жартыжылдықта 14 пойыздан беріліпті.

Алайда, биыл жыл басынан бері Қытаймен арада жүк айналымы бірден түсіп кетті. Оған елді дүрліктірген коронавирустың шығуы себеп болып отырғаны бәріне мәлім. Соған байланысты шығындарды азайту үшін Қытайға барып келіп тұратын ауысымдық қызметкерлер саны азайтылыпты. Мәселен, Достық станциясында қызметкерлер 53 тен 26-ға дейін қысқартылса, оны алда тағы 16 адамға азайту жоспарлануда. Еңбек тәртібін реттеу үшін ақпан айында 47 жұмысшыға жылдық еңбек демалысы, ал еңбекақысы сақталмайтын демалыс 96 адамға ұсынылған.

– Былтыр 94,6 км жол күрделі жөндеуден өтсе, биыл 76,7 км жолға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Жолдың жоғары қабатын жақсарту нәтижесінде бөлімшеге қарасты 412,8 км жолда пойыздар жылдамдығы артты. Жүк пойыздары үшін 80 км, контейнерлік пойыздарына 90 км, жолаушылар пойыздары үшін 100 км дейін көтерілді. Осылайша бөлімше бойынша контейнерлік пойыздардың қозғалыс жылдамдығы тәулігіне 881,6 км болды, жылдың алғашқы жартысында бағдарлық жылдамдық 839 км/тәулік болса, екінші алты айда 909,4 км/тәулік болып, тәуліктік жылдамдық 70,4 км артты. Ал биыл қаңтарда контейнерлік пойыздардың бағдарлық жылдамдығы тәулігіне 1028 кмге жетті, – деп ақпар берді Н.Жаниязов.