Теміржол көлегіне сұраныс артқан

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінің солтүстігіндегі Жосалы станциясы – екінші класты. Станциялықтар өткен жылды табысты қорытындылап, теміржолшылар тарапынан пойыздық және маневрлік жұмыстар кезінде пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігі бұзылмаған.

Станция бастығы Бауыржан Баянов Қармақшы ауданының орталығы болып табылатын Жосалы станциясынан жүк тиеп-жүк түсіріп, теміржол көлігінің қызметін пайдаланушы жергілікті кәсіпкерлер баршылық екенін, олардың санын арттыра түсу мақсатымен жиі кездесу ұйымдастырып, қызметтерін ұсынып отыратынын жеткізді. Қазіргі таңдағы ауа-райының қолайсыздығы кәсіпкерлердің теміржол көлігіне деген сенімін еселей түсіп, сұраныс берушілер қатары артқан көрінеді.

– Өткен жылы қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуына жол бергеніміз жоқ, вагонның рельстен шығып кету жағдайы тіркелмеді, маневрлік жұмыс барысында жүк вагондарына жүк тиеу, түсіру кезінде залал келтірген жайт орын алмады. Пойыздар қозғалысы кезінде негізгі байланыс құрылғыларының, сигналдардың «жабылу» жағдайы да болған жоқ.

Теміржолшылардың барлығы маусымдық киіммен, қорғаныс заттарымен қамтамасыз етілген, жалпы қысты қысылмай, жақсы өткізіп жатырмыз, – деді станция бастығы Бауыржан Баянов. Станциясында жүк тиеу-түсіру жұмысы 11 қабылдап-жөнелту жолы мен 1 жинақтау жолында жүргізіледі, 10 қосалқы жол бар.

Өткен жылы жосалылық теміржолшылар тек вагонға жүк тиеу көрсеткішінен өзге көрсеткіштерді 100,1 және 338,9 пайыз аралығында орындаған. 83 вагонға 5743 тонна жүк тиеліп, 1165 вагоннан жүк түсірілген. Ауысыммен жұмыс жасайтын бекет теміржолшылары жұмысқа түсер алдында пысықтау инструктажынан өткізілуі – бұлжымас заң.

Әр теміржолшының кәсіби жұмысына қарай сақтық шараларымен қатар, ең бастысы – пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауды арттыруы қатаң ескертіледі. Өндірістік жұмыс барысында өзара түсіністікте болу, бір-біріне кедергі жасамай, кемшілік жіберуіне жол бермеу де тапсырылған. Тәжірибелі теміржолшылардың үздік үлгісін ұстану, олардың жастарға көз сала жұмыс жасауы – бұрыннан қалыптасқан дағды.

Станция теміржолшылары арасында өндірістің «жілігін шағып, майын ішкен» майталмандар жеткілікті. Мәселен, парк кезекшісі Е.Бермішев, станция кезекшісі жанындағы оператор Б.Ысмағұлова, техкеңсенің аға операторы А.Ақылбекова, аға жүк қабылдаушы А.Құлшынбаева, пойыз құрастырушы К.Істібаев пен станция кезекшісі Б.Пірмаханов – бекет жұмысының ілгері басуына тікелей үлес қосып отырған мамандар екенін станция басшысы мақтанышпен жеткізді.