Қауіпсіздік – ол біздің өміріміз

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Атырау магистральдық желі бөлімшесі өткен жылды өндірістегі бақытсыз жағдайға жол бермей табысты аяқтады. Еңбек қорғау мақсатына бөлінген қаржы толық игерілген.

Сонымен қатар, өткен жылы қауіпсіз еңбек жағдайын насихаттау және өндірістік процестерді басқарудағы үздік тәжірибелерді үйрену мақсатында Атырау бөлімшесі базасында «Біздің қауіпсіздігіміз – біздің өміріміз» атты жүз адамды қамтыған форумның өтуі де оң ықпал етті.

ҚТЖ филиалдары мен кәсіподақ комитеті, «Теңізшевройл» ЖШС, облыстық еңбек инспекциясы мемлекеттік басқармасының қатысуымен өткен шарада қауіпсіздікке қатысты көптеген жаңашылдық идеялар ұсынылды.

Бөлімшенің бас инженері Абай Есқалиевтің айтуынша, қауіпсіздік техникасы мен еңбек қорғау, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбек қауіпсіздігі мен оның жағдайын жақсартуға бағытталған шараларға 47158 мың теңге бөлініп, ол 100 пайыз игерілген. Жұмысшылар қысқы және жазғы киіммен толықтай қамтамасыз етілді.

Қауіпсіздікке қатысты әр түрлі тақырыпта өтетін шаралар да нәтижелі. «Жолда – адам» жүйесі бойынша тәртіп бұзушылық болмаған. Кенеттен жұмысшының денсаулығы нашарлап кетуі оқиғасы да тіркелмеген. Өткен жылы «Инфаркт пен инсульттің алдын алу» жадынамасы әзірленіп, ілініпті, оған қоса теміржолшылар денсаулығын жіті қадағалау жолға қойылыпты.

«Нөлдік травматизм» стратегиясының негізгі бағыттарын жүзеге асыру аясында «Сізді үйде күтіп отыр!» деген мазмұнда жұмыс орындарына 478 аншлаг ілінген, өндіріске 10 қауіпсіздік есептегіші орнатылған.

Бүгінде жұмыстың барлық түрлерінен технологиялық карта мен өндірістік жұмыстар кезіндегі қауіпсіздік шаралары бойынша 1700 жадынамалар үлестірілген.

Сонымен қатар, барлық кәсіпорында қауіпсіздік техникасы мен еңбек қорғау шаралары бойынша бейнероликтер түсіріліп, таратылуда. Оның бір ерекшелігі – сол роликтерді теміржолшылардың өздері түсіреді, бәрі шынайы. Роликтер жол жөндеу жұмыстары, биікте және бағыттамалы бұрмаларда жұмыс жасау тақырыптарына арналуда.