Әлеуметтік тұрақтылық индексі төмендемеуі тиіс

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Кеше Семей магистральдық желі бөлімшесінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ Магистральдық желі дирекциясы өкілдерінің қатысуымен ауқымды жиын өтті. Оған бөлімшеге қарасты барлық мекеме басшылары мен өндірістік салада еңбек ететін теміржолшылар көп жиналды.

Жиынды ашқан Семей магистральдық желі бөлімшесінің басшысы Айдын Шәукежанов тақырып өзегі бөлімшенің өткен жылғы әлеуметтік тұрақтылық индексі бойынша көрсеткіштер болмағын алға тартты. Осы орайда бүгінге дейінгі осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарын сөз етті. Айдын Мақсұтбекұлы, әсіресе, әлеуметтік салаға басымдылық берілгенін жеткізді. Мәселен, арнайы киімдермен қамту жүз пайыз орындалған. Залалды өндіріс орнында жұмыс істейтін теміржолшыларды сүтпен қамту да кедергісіз жүргізілген.

Әйтсе де, әлеуметтік сауалнама нәтижесі көрсеткендей, бөлімшедегі бірқатар мекемелерде әлеуметтік тұрақтылық индексінің өткен жыл бойынша төмендеуі байқалған. Алдағы уақытта атқарылатын кешенді шаралар бар. Атап айтқанда, кейбір жол айрықтары үшін тасымалға айналған ауыз су мәселесін «Теміржолсу» АҚ арқылы шешу қажет.

Келесі кезекте сөз алған «ҚТЖ» ҰК» АҚ Магистральдық желі дирекциясының Адами ресурстарды басқару департаментінің директоры Руслан Барбасов алдымен соңғы уақыттардағы ұлттық компания қызметі бойынша орын алған жаңалықтар қатарына тоқталып өтті. Соның ішінде оңтайластыру шараларына орай орын алып жатқан қайта даярлау мен зейнеткерлікке шығу жайын да сөз етті. Мәселен, жол шаруашылығында кейбір мамандықтардың орнын электронды қызмет пен автоматизацияның ауыстыруы оңтайластыруға алып келіп отырғанын айтып өткен Руслан Назибекұлы мәселені кеңінен түсіндіріп, ешбір теміржолшы жұмыссыз қалмайтынын жеткізді.

Ал, Семей магистральдық желі бөлімшесі бойынша әлеуметтік тұрақтылық индексі жайына тоқталған департамент басшысы бұл бағытта әлі де болса ширатылуы керек жұмыстар бар екенін атап өтті. Қазіргі таңда ұлттық компания тарапынан әлеуметтік салаға айрықша басымдық берілуде. Департамент басшысы Семей магистральдық желі бөлімшесі бойынша көңіл бөлінуі тиіс шаралар қатарын да атап берді.

– Өткен жылы Семей бөлімшесінен 6 адам ғана шипажайға жолдама алған екен. Бұл тым төмен көрсеткіш. Ұлттық компания сатып алатын жолдамаларды таңдап алуларыңызға болады. Ал шипажайдағы жағдай көңілдеріңізден шықпаса, бізге хабарласыңыздар. Біздің тарапымыздан қандай да бір шара қабылданады, – деді Руслан Назибекұлы.

Қазіргі күні ұлттық компанияның әлеуметтік бағыттағы саясатына сәйкес, шипажайға жолдама алған әр маманға 60 АЕК көлемінде жұмыс беруші есебінен материалдық көмек беріледі. Ал өтініш білдірушілер санының аз болуына осы мәселенің теміржолшылар арасында дұрыс түсіндірілмеуі де себеп деді. НЖС-6 кадр бөлімінің басшысы Данияр Баймағұлов өткен жылғы олқылықтың орны толтырылып жатқанын, мәселен, жыл басынан бері бөлімше бойынша үш адам шипажайға жолдама алғанын, қалған өтініштер қарастырылып жатқанын жеткізді. Барлық мекемелерге арнайы хат жіберілген.

Сол тәрізді еңбек және жалақы мәселелері бойынша функционалды бағыт жөніндегі бас менеджер Гүлнар Катаева сөз алып, қозғалған тақырып төңірегінде пікір білдірді. Ол ұлттық компания қызметкерлерінің жалақыларына қаңтар айынан бастап 5 пайыз қосылғанын жеткізді және бала күтімі бойынша демалыс алу, еңбек мәселелері бойынша шағым жолдау жайын сөз етті. Әрі қарай жиын сұрақ-жауапқа ойысып, теміржолшылар зейнеткерлікке шығу, еңбек қатынастары, жалақы төлеу, т.т. өздерін толғандырған сұрақтарын жаудырып, ол талқылаға ұласты.

Ал түстен кейін магистральдық желі дирекциясының өкілдері бөлімшеге қарасты бірқатар мекемелерде болып, өндірістік салада еңбек ететін жергілікті теміржолшылардың әлеуметтік ахуалымен танысты. Дәл осындай тақырыпты арқау еткен жиын алдағы күндері бөлімшенің Аягөз станциясындағы мекемелерінде өткізілмек.