Қызылордада кеңейтілген жиын өтті

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

«ҚТЖ-ЖТ» Қызылорда филиалының студиясында бөлімшенің және партияның «Теміржол» филиалының ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың жағдайы» тақырыбында кеңейтілген жиын болып өтті.

Шараға Қызылорда жүк тасымалы және магистральдық желі бөлімшесінің басшылары мен Түркістан мен Сексеуіл бекеттері арасындағы барлық станциялардан теміржолшылар қатысып, жалпы жол бойындағы халық студия арқылы байланыста болып, тыңдауға мүмкіндік алды.

– «ҚТЖ-ЖТ» компаниясының басшылығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде бірқатар тапсырмалар жүктеп отыр. Бірінше кезекте барлық құрылымдық мекемелерде сенім телефонының нөмірін көрнекті орынға жазу, филиалдың қызмет орындарында және станция, депо басшыларының кабинеттеріне «пара беруге, пара алуға жол жоқ» деген жазулар ілу, өткізілетін әрбір өндірістік жиынды сыбайлас жемқорлыққа қарсы минуттан бастау, әр айдың бірінші дүйсенбі күнін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күн деп жариялау және арнайы сыбайластыққа қарсы бұрыш арнап оған заңнама нормаларын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ЖТ актілерін, «Адал жол» жобалық кеңесінің телефон номерлері мен электронды адресін көрсету секілді бірнеше тапсырма беріліп, мұның барлығы іске асырылуда, – деген Қызылорда ЖТ бөлімшесі директорының орынбасары Ерлан Айдаров теміржолшылар үшін «Адал жол» тек ұран болып қалмайды деп сендірді.

Сонымен қатар бөлімше теміржолшылары кірме жолдарды пайдаланушы кәсіпкерлердің КТК мекемесіне жолды тексеріп беру жөнінде ұсыныс жазу керектігі, соған орай КТК ең болмағанда айына бір рет кірме жолдарды тексеруден өткізсе деген ұсыныс білдіріп, әр аптаның дүйсенбісі сыбайлас жемқорлықпен күрес күні деп ымыраласты.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін мекемелерде зерделеме өткізу, «комплаенс» жүйесін енгізу, әлеуметтік желілердегі «антикор Қызылорда» парақшасын пайдалану, консультативтік ұйымдардың көмегіне зер салып, осындай мүмкіндіктерді пайдалану қажеттігі сөз болды.