Сағыз ауылына жаңа вокзал керек

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Сағыз теміржол вокзалы 1952 жылы бой көтерген. 68 жылдан бері тек сылау-сырлаумен келе жатқан ғимарат әбден тозығы жеткен. Сондықтан жаңа вокзал салу – кезек күттірмейтін мәселе.

Вокзал іші айналуға келмейтін тар, қыста жылу нашар, жүк сақтау бөлімі атымен жоқ, жолаушылар үшін куықтай күту залында бірнеше қатар тозығы жеткен орындықтар тұр, ал адам саны 68 жылдан бері кем дегенде 10 есе өсті.

Сағыз теміржол вокзалы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ теңгерімінде, бірақ алдағы уақытта жергілікті әкімдік басқаруына өтеді деген болжам бар.

– Бұл жерге жолаушылар игілігі үшін жаңа нысан салуды көздеп отырмыз. Алайда, теміржол вокзалы әзірге теміржол балансында болғандықтан, жоба жасақтау мүмкін болмай тұр. Сондықтан ҚТЖ-ға хат жолдап, теңгерімге тапсыруын сұрадық. Жауап келген соң, жобалау-сметалық құжаттаманы жасақтауға кірісеміз, – дейді аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев.

Сағыз ауылы – аудандағы халқы ең көп шоғырланған елді мекен. Соның ішінде теміржол вокзалы ауданның қақпасы саналады. Станция арқылы тәулігіне 30 жұп жүк пойызы, 8 жұп жолаушылар пойызы өтеді. Өсіп отырған жолаушы тасымалының қажетін ескі вокзал өтей алмай отыр, сондықтан Сағызға жаңа вокзал қажет-ақ. Ал ол қашан салынады? Жергілікті халық «теміржол сала ма, әкімшілік сала ма, қайсысы болса да жаңа вокзал салып берсе екен» дейді.